АСТАНА, 9 наурыз — Sputnik. Алматыда полицейлер жерасты жаяу жүргіншілер жолындағы мүгедектерге арналған жеделсатының есігін сындырған 16 жастағы оқушыны ұстады.
Баланың бұзақылығын телефон камерасына досы түсіріп алған. Instagram әлеуметтік желісінде тарап кеткен видеодан жасөспірімнің лифтінің шыны есігін аяғымен теуіп сындырғанын көруге болады.
"Видеоматериалды зерттей келе, оқиғаның қаланың адам көп жүретін магистральдерінің бірінде болғаны белгілі болды. Тексеріс кезінде 2003 жылы туған кәмелеттік жасқа толмаған О. есімді азамат анықталды. Жасөспірім бұзақылық әрекетінің салдары қандай болатынын білмеген, бірақ бұл ол және оның әке-шешесі жауапкершілікке тартылмайды деген сөз емес", - деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл факті бойынша материал Алатау аудандық полиция басқармасында тіркеліп, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберіледі. Жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 435-бабы "Бұзақылық" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша баланың ата-анасы 7 АЕК (17 675 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.