АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Белгілі тележүргізуші, бизнесвумен Динара Сәтжан ешкімнің тоқалы емес екенін, бүгінгі жетістікке тек өз еңбегімен жеткенін ашық айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Егер мен 50 келі артық салмақ қосып, сырт келбетім ешкімді қызықтырмағанда, маған мұндай сұрақтар қойылмас па еді, бәлкім. Бірақ әзірге мен арықпын, жаспын, спортпен шұғылданамын, соған қарағанда мұндай сауалдар маған үнемі қойылатын сияқты. Бұған етім әбден үйренген. Жұрт көңілдесі бар деп үнемі айтады. 18 жасымда мансабымды ең алғаш бастаған уақытта, әсіресе 26 жасымда, тасым өрге домалаған кезде, бәрі "бір демеушісі бар" дейтін. Алайда, ешқашан қызметте біреумен көңіл жарастырған емеспін. Күйеуім тамаша адам болды, ажырасқаннан кейін де екеуміз арадағы сыйластықты сақтап қалдық. Мені ұнатқан, соңымнан жүрген адамдар болды. Әдемі ғашықтық хикаяларын да бастан кешірдім, бірақ Динара Сәтжанды демеген қалталы адам болған емес", - деді тележүргізуші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.
Ол пәтер мен көліктерді әкесі мен бұрынғы жұбайы сыйлағанын атап өтті.
"Көбісі ойлайтындай, мен тоқал емеспін. Біреудің тоқалы болуға тым тәуелсіз адаммын, өз-өзімді қамтамасыз ете аламын. Мен махаббатты, шынайы сезімді қалаймын", - деді Сәтжан.
Сондай-ақ, тележүргізуші жылдық кірісі қанша екенін де жасырмай айтты.
Тағы оқыңыз: Ләйлә Сұлтанқызы бір айда қанша ақша табатынын жасырмай айтты
"Жылына 200 мың долларға (шамамен 75 миллион теңге) жуық ақша табамын", - деді ол.