Саясат

Назарбаев: әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап төленуі тиіс

Мемлекет басшысы әкімдердің жұмысы азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына қарай бағаланатынын атап өтті
Sputnik

АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Әлеуметтік әлжуаз және көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап ала бастауы тиіс. Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Ақорда. 

"Жақында өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде әлеуметтік саясат саласындағы шаралардың іске асырылуын егжей-тегжейлі қарастырдық. Мен тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсынған болатынмын. Біз бүгін оларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жан-жақты талқылаймыз", – деді президент.

"Ақылға қонымды болуы тиіс" Назарбаев білім министрлігінің олқылықтары туралы айтты
Басқосуда мемлекет басшысына жүктелген міндеттердің орындалуы, соның ішінде әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жөнінде үкіметтің жұмыс жоспары таныстырылды.

Жиынға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған соң, Назарбаев халықтың көмекке мұқтаж санатына жататындардың бәріне әлеуметтік жәрдем беру қажет екенін айтты.

"Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан, мемлекеттің тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуге тиіс екенін атап өтті.

"Көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар биылғы 1 сәуірден қалмай әлеуметтік көмек алуы қажет", – деді мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдерінің жұмыстарын бағалау азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне және тұрмыс сапасына тікелей байланысты болатынын атап өтті.

Әр балаға 21 мың теңге қашаннан бастап төленетіні белгілі болды
Мемлекет басшысы өңірлерде жалақыны өсіру жөніндегі шаралардың уақтылы қабылдануының, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүйелі реформалар жүргізудің, тұрғын үйлер мен ішкі аудандық жолдарды салу қарқынын күшейтудің, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен экология проблемаларын шешудің маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, "Құтты мекен" және "Ауыл – Ел бесігі" жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

"Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері өңірдегі тұрғындардың өзекті мәселелерін жеке бақылауға алып, жүктелген міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жасау негізгі бағыттың бірі саналады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың тиімділігін арттырып, бұл үдеріске тұрғындардың белсенді атсалысуы қажеттігін атап өтті.

"Ең алдымен, халықты жұмыспен қамту керек. Мемлекеттік аппараттың міндеті – шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға күш жұмылдыру. Бұл жұмысты барлық қалаларда, аудандар мен ауылдарда жаппай жүргізу қажет", – деді ол.

Кеңес соңында мемлекет басшысы президент әкімшілігіне "Нұр Отан" партиясымен бірлесіп, жүктелген міндеттердің орындалу барысын үнемі бақылап отыруды тапсырды.

Тағы оқыңыз: Сапарбаев әлеуметтік көмек кімдерге төленбейтінін айтты

"Үкімет, әкімдер, жұртшылық және "Нұр Отан" партиясы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін осы жұмысқа атсалысуы тиіс. Мен бұл үдерісті өзім бақылауға аламын", – деді Назарбаев.