Қоғам

Еңбек министрі 4 баласы бар отбасының шілдеден бастап қанша алатынын есептеп берді

Қазақстанда төрт баласы бар ананың табысы шілдеден бастап 114 449 теңгеге дейін жетуі мүмкін
Sputnik

АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасыға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін есептеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"10-15 теңгеге де аспауы керек": Сапарбаев әлеуметтік көмек кімдерге төленбейтінін айтты

Министр 1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмекті есептеу кезінде ең төменгі күнкөріс деңгейі көбейтілетінін атап өтті.

"Осы уақытқа дейін оның көлемі 50 процентке дейін, яғни 14 849 теңге болып есептелсе, енді 20 789 теңгеге дейін көбейеді. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны қазіргі 570 мың адамнан 830 мың адамға дейін артады", - деді Сапарбаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда министр төрт баласы бар ананың қанша алатынын есептеп берді.

Жаңа еңбек министрі Сапарбаев туралы не білеміз?

"Қазір ол кісі 63 740 теңге алса, жоғарылау нәтижесінде 103 945 теңге алады. Егер ол адамның табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, тағы да қосымша жәрдемақы төленеді. Сонда бұл кісілердің табысы 114 449 теңге болады", - деді министр.

Қазақстандағы көпбалалы отбасылар - инфографика

Сонымен қатар, ведомство басшысы отбасының кірісін есептеген кезде "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне берілетін жәрдемақы, мүгедек балаларға алатын жәрдемақы, шәкіртақы есепке алынбайтынын жеткізді. Бірақ ата-енесімен бірге тұратын отбасының кірісін есептеген кезде, олардың зейнетақысы ескеріледі.

"Атаулы әлеуметтік көмекті төлеген кезде, қазіргі таңда бір балаға 4 834 теңге болса, енді ай сайын әрбір балаға 20 789 теңге төленеді. Балалар оқитын болса оқу бітіргенге дейін, яғни 23 жасқа дейін жәрдемақы беріледі", - деді Сапарбаев.

Сондай-ақ, министр мемлекеттен көмек алу үшін құжат рәсімдеу кезінде ары-бері жүгіре бермес үшін, "Электронды халық" ақпараттық жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті.

Әр балаға 21 мың теңге қашаннан бастап төлене бастайды?