АЛМАТЫ, 5 наурыз – Sputnik. Биыл Алматыда 104 жекеменшік клиника мемлекеттік тапсырыспен халыққа тегін қызмет көрсетеді. Бұл туралы баспасөз мәлихатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Атап айтқанда, Алматыда стационарлық көмек көрсететін жеке клиникалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 11-ге, стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсететін клиникалар саны 7-ге, консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін жеке субъектілер саны 4-ке көбейген", - деді Әбілдаев.
Сондай-ақ алматылықтар тіркеліп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіндегі қызмет түрлерін пайдалана алатын емханалардың да тең жартысы – жекеменшік. Бүгінгі таңда осы мақсатта медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы бойынша 77 емханамен келісімшарт бекіткен.
"Бұл емханалардағы ұзын-сонар кезекті азайтып, учакелік дәрігерлер жүктемесін төмендетуге мүмкіндік бермек. Бұл мәселені шешуге қосымша ашылатын учаскелер де септігін тигізеді.
Жалпы, практика бойынша дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында 2019 жылы 88 жаңа учаске ашу көзделіп отыр", - деді баспасөз мәслихатында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әсел Бисенбаева.
Бұған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев былай жауап қатты:
"Қазір медициналық қызмет цифрлық технологияға көшкен. Сондықтан кез келген емханаға келіп түскен қоңырау бірден тіркеуге алынады. Егер территориялық жағдайға байланысты емхананың науқасты қабылдауға мүмкіндігі болса, бірақ соған қарамастан оны қабылдаудан бас тартса, онда біз сол емханаға барып, оның себеп-салдарын тексеретін боламыз.
Егер емхананың әрекеті заңсыз боп жатса, онда оларға айыппұл сала аламыз. Одан да басқа қатал шаралар қабылдау үшін қалалық денсаулық сақтау басқармасына ол емхананың атынан шағым түсіреміз. Ал жекеменшік клиникаларға келетін болсақ, онда олар көрсетпеген тегін қызметтің ақысын ұстап қалудан басқа шара қолдана алмаймыз".
Айта кетсек, медициналық сақтандыру қоры екі жылдан бері кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің қаржылық операторы қызметін атқарып келеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмекті жеткізуші мекемелерді республикалық және 17 өңірлік комиссия іріктейді. Биыл Алматы қаласындағы медициналық ұйымдармен 105,2 млрд теңгеге келісімшарт бекітілген.