Қоғам

Министр қанша қазақстандықтың жалақысы өсетінін айтты

Мемлекеттік қызметкерлердің айлығы орташа есеппен 25 процентке көтеріледі
Sputnik

АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Қазақстанда 78 мың әкімшілік мемлекеттік қызметкердің жалақысы орташа есеппен 25%-ке өседі. Бұл туралы кеше үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әр балаға 21 мың теңге қашаннан бастап төленетіні белгілі болды
"Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына қатысты. 78 мың мемлекеттік қызметші қамтылады. Олар жергілікті деңгейдегі жұмысшылар, яғни облыстарда, аудандар мен ауылдарда жұмыс істейтін сарапшылар, жетекші мамандар, бас мамандар", - деді Дәленов үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы орташа есеппен 25 процентке көтеріледі.

"Мәселен, егер бас маманның орташа жалақысы  84 мың теңге болса, енді ол 100 мың теңге алатын болады", - деді ведомство басшысы.

Дәленов қосымша қажеттілік 76,5 миллиард теңгені, оның ішінде биыл 15,3 миллиард теңгені құрайтынын атап өтті.

Тағы оқыңыз: Халықтың тұрмысын қалай жақсартуға болады – Назарбаевтың бүгінгі барлық тапсырмасы

Сонымен қатар, өзге сала жұмысшылары мен техникалық персоналдың да жалақысы артады. Олардың қатарына әлеуметтік жұмыскерлер, кітапханашылар, орманшылар, ветеринар дәрігерлер, іс жүргізушілер, аула сыпырушылар, техникалық персонал және тағы басқалары кіреді.

"Жалақы 30 процентке өседі. Егер қазір орташа жалақы 69 мың теңге болса, енді 90 мың теңгеге дейін көтеріледі. 643 407 жұмыскер қамтылады", - деді Дәленов.

Тағы оқыңыз: Мұғалімнің орташа жалақысы кем дегенде 300 мың теңге болуы тиіс – жұмыс тобы

Айтуынша, қосымша қажеттілік 459,5 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде 2019 жылы – 90,7 миллиард теңге.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының съезінде 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30%-ке, аудандық және облыстық деңгейлерде тікелей халықпен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25%-ке өсіруді тапсырған болатын.