АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Қазақстанның Қаржы министрлігі еліміздегі беделді 4 жоғары оқу орны мен республикалық мектепті сатылымға шығарды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Ең қымбат білім ордасы – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы. Оның бастапқы бағасы – 2 миллиард 522 миллион 61 теңге (6,6 миллион доллар). Ал Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ құны – 1 миллиард 711 миллион 278 мың 931 теңгеден басталады (4,5 миллион доллар). Оны сатып алғысы келген азамат 75 миллион 750 мың теңге көлеміндегі (200 мың доллар) бастапқы жарнаны төлеуі қажет.
Сондай-ақ Алматы энергетика және байланыс университеті 1 миллиард 401 миллион 617 мың 89 теңгеге (3,7 миллион доллар), Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті 336 миллион 396 мың 978 теңге (889 мың доллар) сатылады.
Сонымен қатар қаржы министрлігі су спорты және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сатпақ. Мектептің бастапқы бағасы – 331 миллион 60 мың теңге (875 мың доллар).
"Сатылым 7 наурызда аукцион әдісі арқылы өтеді. Кім жоғары бағаны ұсынса, сол жеңімпаз болады", - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ қаржы министрлігі барлық объект электронды тендер арқылы сатылатынын атап өтті.
Жоғары оқу орындары мен республикалық мектепті сатып алғысы келетін азаматтар сатылым басталарға дейін 2 сағат бұрын, 7 наурыз таңғы 8-ге дейін өтінімдерді беруі керек.