АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Қарағанды көлік прокуратурасы теміржол саласының екі мыңнан астам жұмысшысына қысқы арнайы киімнің берілуіне қол жеткізді.
Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының "Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі" филиалы еңбек заңнамасын бұзып, өз қызметкерлерін қысқы киіммен толық қамтамасыз етпеген.
ҚТЖ ұжымдық шартының талаптарына сәйкес теміржолшылардың қысқы киіммен қамтамасыз етілуі жыл сайын 1 қазанға дейін жүзеге асырылуы тиіс.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша барлық қызметкерге қысқы киім-кешектер берілді. Ал мекеменің жауапты лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.