Қоғам

Қазақстанда балалар үшін аса қауіпті ойыншықтар табылды

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті балалардың ойыншықтарын сатып алғанда олардың таңбалануына ерекше назар аудару қажеттігін айтады
Sputnik

АСТАНА, 19 ақпан – Sputnik. Фенол мен метил спирті мөлшерден екі еседен асып түсетін қытайлық ойыншықтар сөрелерден алынып тасталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкентте жасалған ойыншықтар экспортқа шығарылатын болды
Солтүстік Қазақстан облысындағы сауда нысандарында тексерілген қытайлық ойыншықтарда фенол мен метил спирті мөлшерден екі есе асып кеткен. Мұнымен қатар таңбалануы да талаптарға сай келмейтіндігі анықталды. Мұндай өнімдер қатарында "Фея парк", "LOL superise Castle park" қуыршақтары, "My Little Horse", Fantastic toys ойыншықтары бар. 

"Өз өнімдерін мүлдем таңбаламаған қытайлық өндірушілер де бар. Олар: "Sofia the first" қуыршағы, "Robocar Poli" ойыншық жиынтығы, "Hermit crab" ойыншығы, "Мини тобот" көлік трансформері, Барби қуыршағы, пони, бильярд, тікұшақ, "Mini Round Bead", "LOL" қуыршағы, жерге төселетін "Magnetic Drawing Board" тақтасы, "SUPER SPEED  RACING" машинасы, "Маленький доктор" ойыншық жиынтығы, "Каток" ойыншығы, "Собака" жұмсақ музыкалық ойыншық, резеңке доп, "Человек-паук" жұмсақ ойыншығы, "Die Cast Car" ойыншығы, "Wangu" қуыршағы, ыдыстары бар қуыршақ", - дейді комитеттің баспасөз қызметі.

Комитеттегілер балалар ойыншықтарын сатып алу кезінде олардың таңбалануына ерекше назар бөлу керектігін ескертеді. Өйткені тұтынушыға жеткізілетін негізгі ақпарат қаптамада көрсетілуі тиіс: өндіруші жайлы ақпарат, материалдың құрамы және жас шектеуі. Сатушылардан өнімнің қауіпсіздігін растайтын сәйкестік сертификатын сұрауға кеңес беріліп отыр.

Тағы оқыңыз: Екі рет қайнаған судың қандай дертке шалдықтыратынын білесіз бе?

2018 жылдың тамыз айынан бастап сәйкестігі расталмаған ойыншықтарды Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салынған. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті сапасы көңіл көншітпейтін өнімдерді сатудан алып тастау ісін қолға алды. Жеке кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданатын болады. Елге бұл өнімдерді импорттаушылар да тексеріледі.

Дүкен сөрелерінде сапасы талапқа сай емес өнімдерді көзіңіз шалса, Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті немесе оның жергілікті департаменттеріне жазбаша түрде өтініш жазу қажет.