АСТАНА, 18 ақпан — Sputnik. Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі болып Ерғали Егемберді тағайындалды, деп хабарлайды бас қала әкімдігінің ресми сайты.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Сарыарқа ауданының әкімі қызметіне Ерғали Егембердінің кандатурасын қалалық мәслихатқа ұсынған. Депутаттар қала басшысының ұсынысын бірауыздан мақұлдапты. Елорда әкімі Ерғали Егембердінің өңірлік және орталық мемлекеттік органдардағы кәсіптік жұмыс тәжірибесін атап өтіп, жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтады.
"Ерғали Егемберді мемлекеттік қызметте біраз жұмыс істеді. Ол жауапкершілігі мол әрі жұмысын жақсы білетін жетекші ретінде таныла білді. Жаңа әкім міндетін жақсы атқарады деп ойлаймын", – деді Бақыт Сұлтанов.
Ерғали Қуандықұлы Егемберді Шымкент қаласында 1977 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясында, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ЕҰУ Дипломатиялық академиясында, Бостон университетінде (АҚШ) білім алған.
Жаңа ішкі істер министрі тағайындалды
Ол – "Болашақ" бағдарламасының түлегі, мемлекеттік басқару магистрі, саяси ғылымдардың кандидаты. Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласы әкімдігінде қаржы департаментінің бас маманы болып бастады. Бұған дейін Қазақстан президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.
Төрт мерейтойлық және "Ерен еңбегі үшін" төс белгісінің иегері. Отбасында төрт бала тәрбиелеп отыр.