Қоғам

Енді қазандық болмайды: көкпардың халықаралық ережесі бекітілді

Бұдан былай бүкіләлемдік көкпар қауымдастығына кіру үшін жарна төлеу қажет емес
Sputnik

АСТАНА, 15 ақпан — Sputnik. Елордада 10 мемлекеттегі ұлттық спорт федерациясы басшыларының қатысуымен бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесінде көкпардың халықаралық ережесі бекітілді. Жиында шетелден келген ұлттық спорт федерациясының өкілдері көкпардың ережесін талқылап, тиісті құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазандық vs шеңбер: 2019 жылы көкпардан әлем чемпионаты қалай өтеді?
Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды. Бірінші — халықаралық федерацияның жарғысына өзгерістер енгізу, екінші — халықаралық федерацияның ережелерін жан-жақты талқылап, дауыс беру арқылы бекіту.

Көкпар ойнаудың халықаралық ережесі қандай?

Қазақстандағы "Көкпар" федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков бекітілген жаңа ережелер туралы толығырақ айтып берді.

"15-20 жылдан бері қазандықпен көкпар ойнап жүрген болатынбыз. Жаңа ереже бойынша қазандықтың орнына шеңберді пайдаланатын болдық. Мұнымен қатар, көкпаршылар тірі серкемен ойнап жүрген. Халықаралық жануарлар әлемін қорғау ұйымдарының қағидаларына қарама-қайшы әрекеттер жасамау үшін бұдан былай муляжбен ойнаймыз. Көкпар ойнайтын алаңның ұзындығы — 200-220 метр, ал ені 65-70 метр болып бекітіліп отыр. Көкпарды әртүрлі жастағы адамдар ойнайтындықтан, алаңның да ұзындығы әртүрлі болады", — деді Мұхтархан Ділдәбеков.

Мұнымен қатар, федерация президенті көкпар ойнау уақытының бұрынғыша, яғни 20 минуттан екі тайм күйінде қалатынын айтты. Аралық үзіліс — 10 минут. Муляждың салмағы — 33-35 килограмм аралығында. Осы күнге дейін алаңда 12 ойыншы болып келген, бұл ереже өзгеріссіз қалды.

Тағы оқыңыз: Бекболат Тілеухан қазақ халқының қырғыздай ат дайындай алмайтынын айтты

Бұдан өзге бүкіләлемдік көкпар қауымдастығына кіру үшін жарна төленбейді. Бұл өзгеріс әлемде этноспортпен айналысатын елдердің мүшелікке енуін жеңілдетеді.

"Кездесу барысында 8 мемлекет бірауыздан қауіпсіз спортты, яғни ойын кезінде адамдардың жарақат алмауын қолдайтынын бірауыздан айтты. Тек спортшылар ғана емес, аттар да жарақат алмауы тиіс. Себебі бұл спортта олар да тең дәрежеде рөл атқарады. Сондай-ақ, біз де муляжбен ойнау позициясын құптап отырмыз. Халықаралық стандарттар бойынша Азияның ғана емес, Еуропаның да көзқарасы мен құқығын сыйлауымыз қажет", — дейді Ресейдегі "Көк-Бөрі" федерациясының президенті Кристина Карамышина.

"Қазандықпен ойнайтындарға қатты жаным ашиды"

"Атом бомбасынан кем емес": Ғалымдар жылқының қазақ өмірін қалай өзгерткенін айтты
Өзбекстандағы "Улок-Купкари" федерациясының өкілі Набиджан Джураев та қазандықтың орнына шеңбер пайдалануды қос қолдап қолдағанын жеткізді. Өз елінде бірте-бірте муляжбен ойнауға көшкеніне тоқталды.

"Қазандықпен ойнаған кезде спортшыларға жаным ашиды. Жан-дүниемде барлығы ауырады. (…) Бірінші кезекте біз адамдардың денсаулығы мен аттардың жағдайы туралы ойлауымыз қажет", — дейді ол.

Әріптесінің пікірін Тәжікстандағы "Бузкаши" федерациясының президенті Холов Мирзоали қолдаса, Ауғанстандағы "Бузгаши" федерациясының басшысы Мохаммад Хабиби қазандықсыз ойнауға кей мемлекеттің неліктен қарсы болып отырғанын анықтауға шақырды. Айтуынша, достық қарым-қатынас бірінші орында болуы тиіс. Десе де, қазандықпен емес, шеңбермен ойнауды жақтайтынын жасырмады.

Тағы оқыңыз: Қазақ көкпаршылардың өзбек құрамасынан әдейі жеңілгені рас па?

"Ең маңыздысы арамызда біреу біздің шешімімізге ренжіп, "Барлығы керісінше маған дауыс беруі керек еді" деп ойласа, біз оған түсіндіруіміз қажет. Яғни мұндай шешім қабылдауымызға не түрткі болғанын айтуымыз керек. Сондай-ақ, одан дәл осылай қарсылық танытуына не себеп болып отырғанын сұрайық", — деді ол.

Кеңес отырысына Қазақстан, Мажарстан, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Ресей ұлттық федерациясының өкілдері қатысты. Көкпардың халықаралық ережесіне осы 10 елдің ұлттық федерациясының басшылары қол қойды.