АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. Биылғы әлем чемпионатының ережелері алдағы уақытта Астанада өтетін конгресте бекітілетін болады. Бұл туралы Халықаралық көкпар федерациясына мүше мемлекеттердің өкілдері айтты.
Халықаралық көкпар федерациясының кезекті жиынында 2019 жылғы әлем чемпионатының қарашада Өзбекстан астанасында өтетіні белгілі болды. Жиын қатысушыларының ортақ шешімі бойынша, әлем чемпионаты ережелерінің қандай болатыны алдағы уақытта Астанада өтетін конгресте нақтыланбақ.
Қырғыз көкпар федерациясы қандай талап қойды?
2016 жылы Астана қаласында түркі тілдес халықтар ассоциациясы құрылып, бірауыздан көкпарды қазандықсыз өткізу шешімі қабылданды. Қазандықтың орнына шеңбер енгізілді. Алайда Қырғызстан Республикасы көкпар федерациясының басшысы және халықаралық федерацияның бас хатшысы Жырғалбек Саматов биылғы чемпионаттың бұрынғы ереже бойынша өтуін талап етуде. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан жазды.
"Алдағы күз мезгілінде әлем чемпионаты халықаралық ережелер бойынша өтеді. Біз арнайы келіссөздер жүргізіп, оларды осы ережені қабылдауға шақыратын боламыз. Егер нәтиже болмаса, Қырғызстан ассоциациядан шығады", — деп мәлімдеді Саматов.
Өзбекстан Республикасы "Улок Купкари" федерациясының президенті Бахром Гафуров әлем чемпионаты ережелеріне өзгеріс енгізуге қанша мемлекеттің дауыс беретіні шешіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол 9 қаңтардағы жиын барысында көпшіліктің талқысына түсіп, әзірге шешім таппаған мәселе туралы сөз қозғады.
"Конгресс кезінде "Төрт мемлекет қана дауыс бере ме, әлде бұған басқалар да қатыса ма?" деген сауал туындады. Осы талас тудырған мәселені шамамен ақпан-наурыз айларында Астанада өтетін конгреске қалдыруды жөн көрдік. Сол жерде көкпар ойынының ережесіне өзгеріс енгізу және оны енгізуге қанша мемлекеттің дауыс беретіні шешілетін болады", — деді Бахром Гафуров.
Сондай-ақ, Өзбекстандағы көкпар федерациясының президенті жоғарыда айтылғандардың барлығы хаттамаға түскенін, бүгінде көкпарға қатысушы мемлекет санының артып келе жатқанына тоқталды.
Көкпардан қазандықты неге алып тастады?
Моңғолияның көкпар федерациясының басшысы Ром Әуезхан екі жыл бұрын көкпар ережесінің өзгертілуіне не себеп болғанын түсіндіріп, чемпионатқа қатысушы елдерді тату болуға шақырды.
"Көкпар ойындарына көптеген мемлекет қызығушылық танытып отырғандықтан, 2016 жылдың қазан айында қазандыққа тыйым салу туралы шешім қабылдадық. Оның орнына шеңбер ұсынылды. Бұл — бір ғана емес, көптеген мемлекеттің тарапынан түскен ұсыныс. Себебі, қазандық салдарынан ойыншылар ауыр жарақат алып, өмірімен қош айтысуы мүмкін. Сондай-ақ, 8-10 қаңтар күндері өткен конгресс барысында ойын ережесін өзгерткен жоқпыз. Бұл алдағы жиында талқыланатын болады", — деді федерация басшысы Ром Әуезхан.
Мұнымен қатар, ол халықаралық көкпар федерациясына мүше мемлекеттерді бір ортақ шешімге келуге шақырды. Айтуынша, дәл қазір көкпар спортын олимпиада деңгейіне көтеру бірінші орында тұруы тиіс.
"Көкпар атадан балаға беріліп келе жатқан мұра десек те болады. Азияда өмір сүріп жатқан халықтардың оны менікі-сенікі деп таласуы қате. Мақсат-мүддеміз ортақ болғандықтан, бір жағадан бас, бір жеңген қол шығаруымыз керек. Алдағы уақыт талас тудырған мәселенің нүктесін қойып, ортақ шешімге келеміз деген үміттемін. Көкпарға ең мықты қазақ пен қырғыз екеніне ешкімнің дауы жоқ", — дейді ол.
2019 жылы көкпар ережесі қандай болады?
Осы орайда ҚР көкпар федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков те әзірге көкпар ережесін қайта өзгертуге қатысты шешім қабылданбағанын айтып өтті. Сондай-ақ, қазандықты шеңберге ауыстырғалы ауыр жарақат алушылардың азайғанына назар аударды.
"Ташкентте өткен жиында келесі Әлем чемпионаты өзбек елінде өтетіні белгілі болды. Осы жиында келесі конгресті Астанада өткізуді ұсындым. Мұндағы мақсат — әлем чемпионатының өту орны мен мерзімі анықталғанымен, ережеге қатысты дүниеге нүктені келесі жиында қоямыз деп бірауыздан келістік. Бұл ұсынысты қырғыз тарабы да қабыл алды", — деді республикалық көкпар федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков.
Тағы оқыңыз: Қазақ көкпаршылардың өзбек құрамасынан әдейі жеңілгені рас па?
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жартылай финалда өзбектерден жеңілді. Осыдан кейін ұлттық құрамаға қырғыздардан қорқып, әдейі жеңілді деген сын айтылды. Қазақстанның көкпар федерациясы түсіндіргендей, көшпенділер ойындарына тәжірибе жинау үшін жас көкпаршылар жіберілген. Қазақстан көшпенділер ойындарында жалпы есепте 3-орын алған еді.