ШЫМКЕНТ,13-ақпан – Sputnik. Шымкент қаласының орталығындағы "Қиял әлемі" саябағында төңкеріліп салынған екі қабатты үйді тамашалап келіп, суретке түсушілер көбейген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жаңадан ашылған үйге келген Жанар есімді келіншек ішіне кіргенде аздап басы айналғанын сезген.
"Бұрын шетелдегі осыған ұқсас үйді әлеуметтік желілерден көретін едік. Өзімізде ашылған соң барып көріп келейік дедік. Бәрі теріс дүние, әсері керемет", - дейді ол.
Саябақтың бір шетінде орналасқан үйде күнделікті тұрмыста пайдаланылатын заттар мен жиһаздар бар. Қызығы, бірінші қабатта үйдің екінші қабаты тұр. Онда балалардың екі бөлмесі мен балкон орналасқан.
Ал екінші қабатта керісінше бірінші қабаты тұр. Кіреберіс есіктегі қоңыраудан бастап үй температурасын өлшейтін құрылғыға дейін теріс орналастырылған. Мұнда холл, асхана, жатын және жуынатын бөлме, дәретхана, балкон бар.
Төңкерілген үйдің қызметкері Рамазан Боралбайтың айтуынша, бұл үй фотостудия ретінде ашылған. Үйге кіргенде күнделікті көз үйренген көрініс төңкеріліп көрінеді. Келушілердің басы айналып, құлап бара жатқандай күйге түседі екен.
"Келушілерді қызықтыратын басты дүние – өзіңді үйдің төбесінде тұрғандай сезіну. Фантастика", - дейді ол.
Ол төңкерілген үйде күнделікті өмірдегі барлық затқа мән берілгенін айтады. Келушілердің барлығы дерлік суретке түседі. Кіру бағасы – 1500 теңге. Тамашалау уақыты шектеусіз. Мүгедектер, үздік оқитындар мен бес жасқа дейінгі балаларға тегін.
"Әлі күнге үй жаңа жылдық безендірумен тұр. Әр мерекеге сәйкес үйді безендіреміз. Келушілер көп. Күн жылынғанда, демалыс күндері келушілер көбейеді. Орташа есеппен күніне 100-150 адам тамашалайды", - дейді Рамазан Боралбай.