АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Түркістанда тойханалар мен дәмханалардың түнгі 11-ден кейін жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Қала әкімі Әліпбек Өсербаев шаһардағы ойын-сауық орындары мен мейрамханалардың басшыларын жинап, арнайы ескерту жасады. Бұл – шаһардағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу үшін қолға алынған шара.
"Жаз айында қайта қарастыру керек. Өйткені 9-10-да күн батады. Адамдар, әсіресе Түркістанның халқы 8 сағат жұмыс істемейді ғой. 9-10 дейін кешкі салқынмен жұмыс істейді", - дейді кәсіпкер Мақсұт Рысметов.
Тағы оқыңыз: Үйлену тойы күйеу жігітсіз өтті, не жағдай болғанын асаба айтып берді
Ал Мұхаббат Ибрагимованың Мақсұтқа қарағанда бұл саладағы тәжірибесі мол. Оның дәмхана, мейрамхана ашып, қонақ үй бизнесін жүргізіп келе жатқанына 18 жыл болыпты. Көпті көрген келіншек "қала әкімінің шаһардағы тынышты сақтап, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ойын-сауық орталықтарын кешкі сағат 23:00-ден кейін жабу керек" деген ұсынысын қолдап отыр. Өйткені мейрамханаға келетін мәдениетті қонақтар кешкі сағат 11-ге дейін тапсырыс беріп, көңіл көтеріп кетеді. "Ал одан кейін келгендер тек ішімдік ішу үшін ғана отырады", – дейді.
Айтып өтейік, Түркістанда тойханалар мен дәмханалардың саны 100-ден асады. Солардың 40 пайызында қылмыстың көп болатыны анықталыпты. Енді қалалық жергілікті полиция өкілдері кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, арнайы рейд шараларын жүргізеді. Кешкі сағат 23:00-ден кейін ереже бұзып, жұмысын тоқтатпаған ойын-сауық орталықтарының иелеріне 50 айлық есептік көрсеткіш (126 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Тағы оқыңыз: Тойда билеген толық әйел жұртты күлкіге қарық қылды