Экономика

Қазақстанда банк шотынан ақша шешіп алуға шектеу енгізу ұсынылды

Министр шоттан үлкен соманы шешіп алу көп жағдайда жалған кәсіпкерлікпен байланысты болуы мүмкін деп санайды
Sputnik

АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. Ұлттық экономика министрлігі банк шотынан қолма-қол ақша шешіп алуға шектеу енгізуді қарастырып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы бүгін үкімет кулуарында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Ол шоттан үлкен соманы шешіп алу көп жағдайда жалған кәсіпкерлікпен байланысты болуы мүмкін, деп санайды.

Қолма-қол есеп айырысуға шектеу енгізілуі мүмкін

"Қазір бізде қолма-қол ақшаны шешіп алуға шектеу жоқ. Жеке тұлға банкке келіп, мәселен бір миллиард теңге немесе үш миллиард теңгені шешіп ала алады. Көп жағдайда бұл қандай да бір схемамен, қолма-қол ақшаға айналдырумен байланысты. Егер бұл ұсыныс, яғни дамыған елдердің тәжірибесі біздің елде қолдануға жараса, онда біз мұны ұсынамыз. Сәуірге қарай қандай да бір ұсыныс енгіземіз деп ойлаймын", - дейді Сүлейменов.

Ол министрлік аталған мәселені өте мұқият зерттеуді көздеп отырғанын атап өтті. Бұл ұсыныс "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылар қауымдастығымен талқыланбақ.

Айта кетсек, бүгін үкімет отырысында Тимур Сүлейменов тауарларды мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысу бойынша лимит белгіленуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, алдағы уақытта жылжымайтын мүлік пен көлікті міндетті түрде қолма-қол ақшасыз сату мәселесі де қаралмақ.