АСТАНА, 31 қаңтар — Sputnik. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет атауын өзгертуге негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Осы уақытқа дейін мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстан Республикасының атауын Қазақ Республикасы деп өзгертуді ұсынған болатын. Мәжілісменнің айтуынша, бұл идеология тұрғысынан тарихи әділдік орнатудың бір жолы.
Тоқаев бұл ұсыныспен келіспей, елде бұдан да өзекті мәселелер бар екеніне тоқталды.
"Қазақстан Республикасы деген атау қала беруі тиіс. Халықаралық деңгейдегі көптеген келісімшартқа біздің президент Қазақстан Республикасының атынан қол қойды. Елдің атауын өзгертуге ешқандай негіз жоқ. Бізде бұдан да басқа мәселелер жетеді", — деді палата спикері журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып.
Қазақстан атауын өзгерту туралы сауал әлі де талқыға салынып келеді. Осы уақытқа дейін республиканың атауын "Қазақ елі" деп өзгерту ұсынылған болатын.