АСТАНА, 26 қаңтар — Sputnik. Оралда кондуктор күннің қатты суық екеніне қарамастан, 8 жасар оқушыны автобустан түсіріп кеткен, деп хабарлайды КТК арнасы.
"Менің ақшам бар еді. Қалтамнан алайын дегенімде жоғалғанын байқадым. Кондуктор ұрысып, мені түсіріп тастады", — деді Ерасыл есімді оқушы.
Ерасыл Ризаков — үшінші сынып оқушысы. 23 қаңтар күні ол №2 автобусқа отырып үйіне қайтпақ болады. Бірақ жолға төлейтін ақшасын жоғалтып, үйіне бір сағат жаяу жүріп келуге мәжбүр болады. Ата-анасы баласы сабақтан уақытылы келмеген соң алаңдай бастайды. Мұғаліміне хабарласқанда ол Ерасылдың автобусқа отырып кеткенін айтады. Сосын Ерасылды іздей бастайды. Оқиғаның мән-жайын естіген соң оқушының ата-анасы автопарк басшылығына шағым түсірген.
"Кешкі сағат сегіз жарымда ұлым үйге келді. Ол бәрін айтып берді. Кондуктор үшін баланың өмірі 40 теңге тұра ма?" — деді Ерасылдың анасы Сандуғаш Шойынжанова.
Осы шағымнан кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп, "Орал техникалық қызмет" ЖШС басшылығы кондуктордың кім екенін анықтады. Кондуктор өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта жұмыстан босатылды.