Қоғам

"Атом бомбасынан кем емес": Ғалымдар жылқының қазақ өмірін қалай өзгерткенін айтты

Бүгінгі таңда Қазақстанда екі миллион бес жүз мыңнан астам жылқы бар. Осылардың 90%-і өнімді бағытта пайдаланылады
Sputnik

АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Бүгінде елімізде таза қанды жылқы асырап, тұқымын асылдандырып келе жатқан қазақстандықтардың саны күн санап артып келеді. Осы орайда барлығының көксеген мақсаты біреу — Қамбар ата тұқымын қазақ жерінде көбейтіп, өзгелерден қалыс қалмау. Тіпті, олар осы мақсаттарына жету үшін өмірінің жарты ғұмырын сарп еткізуге дайын. 45 жылдан астам уақыт ат мініп, жылқы тақырыбында зерттеу жүргізіп келе жатқан отандық ғалымдар мен атбегілер қазақ ерекше қадір тұтқан жануардың шығу тегі мен асыл қасиеттері туралы айтып берді. 

Бекболат Тілеухан: қазақ қырғыздай ат дайындай алмайтынын мойындайық
Жылқы түлігінің алғаш қолға үйретілу тарихы туралы бүгінде талас көп. Ғалымдар көпке дейін жылқылардың алғаш Солтүстік Африка, Еуропа немесе Украина жерлерінде қолға үйретіле бастағанын айтып келді. Алайда Қазақстан жеріндегі Ботай қонысынан табылған жылқы қаңқалары тарихқа жаңаша көзқараспен қарауға түрткі болды. Осы қоныс жылқының ең бірінші қазақ даласында үйретіле бастағанын дәлелдеді.

"Жылқы қазақ жерінен шыққан"

Белгілі зерттеуші, этнограф Ахмет Тоқтабай бүгінде дүниежүзінде 65 миллион жылқы және 250-ден астам жылқы тұқымы барын айтады.

"Жылқы біздің қазақ жерінен шыққан. Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Оған Көкшетау облысындағы Ботай қонысынан табылып жатқан жылқы сүйектері дәлел. Әлемдік археологияда дәл осылай бір қоныстан жүз мыңдаған жылқының сүйегінің табылуы болмаған. Осы қонысты көптеген ғалым зерттеп, археолог Виктор Зайберт отыз жылдан астам уақыт қазып жатыр. Археологиялық және палеологиялық зерттеулер жүргізе келе табылған жылқылардың қазақтың жабысынан айнымайтыны белгілі болды", — дейді ғалым.

Этнограф Ахмет Тоқтабай "жабы" сөзінің түп-төркіні "жабайы" деген сөзден шыққанын айтады. Үш мың жыл бұрын арилер, екі мың жыл бұрын ғұндар, одан кейін мың жарым жыл бұрын түркілер мен қыпшақтар көшіп, шетінен Еуропаны жаулап алып отырды. Яғни, Батысқа жылқыларды осы тайпалар алып барған. Сондай-ақ, ғалым қазақтың тарихы жылқымен тығыз байланысты екенін айтып өтті.

Тағы оқыңыз:

"Қазақтың барлық шекарасы жылқы тұяғымен сызылған және қорғалған. Қазақтың тарихы — жылқының тұяғымен жазылған шежіре десек те болады. Осындай алып территориямызды қорғауға көмектесті. Жылқы сол заманда атом қаруы сияқты болды десем, артық айтпаймын. Себебі, ол мыңдаған километрді бағындыратын күшке ие еді. Дәлірек айтсақ, жылқы көбейіп кеткенде біздің арғы аталарымыз жайылым мен жайлау іздеп, басқалардың жерін тартып алып, шекараны кеңейткен. Кейін иелік еткен жерлерін жылқымен қорғаған", — дейді жылқы тақырыбын тереңінен зерттеп жүрген ғалым Ахмет Тоқтабай.

"Қазақ жылқы мінезді емес"

Зерттеуші "Қазақ жылқы мінезді" деген сөздің бүгінгі таңда шындыққа жанаспайтынын айтады. Яғни қазақ осы жылқыға тән асыл мінезден айырылған. Жылқы — кінәмшіл, кірпияз және өркөкірек жануар. Шөптің ішінен ең асылын ғана таңдап жейді. Ғалым осы орайда жылқы мінез дегенді басынан сөз асырмайтын, кеудесін дұшпанға бастырмайтын өршілдік деп түсінетінін жеткізді.

Жылқы өзіне маза бермеген питбульді нокаутқа жіберді - видео
Ахмет Тоқтабайдың бұл пікірін Қазақ ұлттық аграрлық университеттің профессоры, жылқытанушы ғалым Исxан Қайрат та қолдады. Ғалым қола дәуірінде табылған үзеңгі, ауыздық секілді заттардың осы пікірге қосымша дәлел екеніне тоқталды.

"Гистоанализ жүргізген кезде жылқы атаулының тегі бізде шыққаны белгілі болды. Қазіргі таңда статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда 2 миллион 500 мыңнан астам жылқы бар. Соның 90%-і — өнімді бағытта, қалғаны ұлттық спорт секілді салаларда қолданылады. Елімізде жабы, көшім, мұғалжар, міністі-жегісті немесе спортта қолданылатын Қостанай жылқы тұқымы бар. Алғашқысы — қазақ халқының ғасырлардан бері келе жатқан жылқысы. Бұл тұқымдағы жылқылар Қазақстанның барлық өңірінде бар десек те болады", — дейді Қайрат Жәлелұлы.

Зерттеушінің айтуынша, бүгінде дүниежүзінде 250-ге тарта жылқы тұқымы мен тұқымдық топ бар. Осылардың ішінде 17 тұқым қазақ жерінде өсіріледі. Қазақтың сан ғасырлардан келе жатқан жабы жылқысын сұрыптап, таза тұқым өсіру әдісі арқылы етті-сүтті бағыттағы мұғалжар жылқы тұқымы пайда болды.

Тағы оқыңыз:

Осылайша Қарағанды облысындағы Сарыарқа, кейін Қожанберді типі негізінде пайда болған Мұғалжар тұқымы 1998 жылы ресми бекітілді. Ал 1952 жылы Қостанай жылқы тұқымы міністі-егісті зауыттық жылқы тұқымы болып бекітілген. Ол да салт мініске, жегуге және мәдени жайлымда бағылатын болып үш типке бөлінеді.

Таза қанды жылқылардың пайдасы мен зияны қандай?

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы жылқы саны жағынан көш бастап тұр. Екінші орында — Алматы облысы, үшінші орында — Түркістан облысы. 2000 жылдан бастап Қазақстанға таза қанды жылқылар әкеліне бастады. Олар — араб, ағылшын және ақалтеке жылқы. Осы жануарлар ұлттық спорт саласына оң нәтижелер әкеліп жатқанымен құнды.

Қазақстан жылқы туралы деректі фильм түсіреді
Алайда ғалым елге таза қанды жылқылардың әкелінуінің теріс тұстары да бар екенін айтады. Бұл негізінен селекция жұмыстарының жүйесіз жүргізілуімен байланысты. Айтуынша, Алматы және Жамбыл облыстарының жылқыларының 90%-ы асылданып кеткен. Қолдан сұрыпталған "қол тума" жылқылар ұлттық ат спорттың мәртебесін көтеріп жүр. Өкініштісі сұрыптаудың негізгі қағидасымен жүргізілмегендіктен, қағазға түсірілмегендіктен, кей кездері қымбатқа шет елден әкелінген жылқылардан не спорт, не өнімді бағытқа сәйкес келмейтін жылқы тобын шығарып жатқан жайлары да бар. 

"Әлемде жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ ұлтының ғана қаны таза. Сол секілді ағылшын, ақалтеке және араб жылқылары бес "атаға" дейін бір-біріне қосылмайтынымен ерекше. Бұдан бөлек оларда міндетті түрде паспорт болады. Ал осы құжатты қолға алу үшін, алдымен, жалынан алынған қыл Чехиядағы зертханаға жіберіледі. Бұл зерттеу жұмысын жүргізуге 500 доллардай ақша жұмсалады. Кейін осы зертхана араға бір ай салып құлынның қаны таза немесе таза еместігін анықтап береді", — дейді ғалым.

Мұнымен қатар, ғалым Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласындағы тұжырымдарды толықтай қолдайтынын жеткізді. Мақалада айтылғандарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік деңгейдегі үлкен бағдарламалар қажет екеніне назар аударды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда іске асырылып отырған "Құлан" бағдарламасы туралы айтып берді.

"Бұл бағдарлама жұмыс істеймін, жылқы шаруашылығымен айналысамын деген адам үшін өте тиімді. Өйткені, несие алған соң оны бірнеше жылдан кейін бірақ төлеуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ үстіне қосылатын пайыз да аз — 4%. Жалпы елімізде осы секілді бағдарламалар көп болуы керек деп ойлаймын", — деді ғалым.

Атбегілердің көктемгі жоралғылары туралы не білеміз?

2018 жылы Қорқыт ата мұрасы мен қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілген болатын. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет Қазақстан тарапынан жасалған ұсыныстарды 2018 жылы Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өткен 13-ші сессиясында мақұлдады. Қазақстан ЮНЕСКО-ның осы беделді құрылымының жұмысына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысқан-ды.

Тағы оқыңыз:

Осы орайда, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қостанай облысы "Қазақ тұлпар" зауытының директоры, "Мұғалжар" тұқымының авторы Нәбидолла Кикібаев атбегілердің көктемгі жоралғыларын толығырақ түсіндіріп берді.

"Қымызмұрындық дегеніміз — көшпелі кезеңдерде халықтың бір-біріне көмек қолын созудың бір жолы. Сондай-ақ, бұл — халықтың бір-біріне деген мейірімділігін көрсетудің алғашқы сатысы әрі қауым болып өмір сүрудің гумандық жолы. Ауыл тұрғындары көктемде биені алғаш сауып алған қымызын көрші-қолаңмен бөліскен. Көктемге адам баласының физиологиялық тұрғыдан әлсіз болып жететіні сөзсіз. Осындайда жылқы сүті таптырмас ем болған", — дейді ғалым Нәбидолла Кикібаев.

Нағыз қазақтардың көзі көк, шашы сары болғаны рас па: аңыз vs шындық?
Әрі қарай "Мұғалжар" тұқымының авторы көшпенді халықтардың өзіндік бие сауу әдістерінің болғанына тоқталды. Кейбіреулер сиырды қалай сауса, биені дәл солай сауады. Бірақ мұндайда бие бос тұрған аяғымен адамды теуіп жіберуі мүмкін. Бұдан бөлек әйелдер бір санын құшақтап отырып немесе алдыңғы бір-екі аяғын байлап қойып сауады.

"Айғыр қосу — селекциялық жұмыстардың шыңы"

Нәбидолла Кикебаевтың айтуынша, айғыр қосу жоралғысы — селекциялық жұмыстардың шыңы. Ол үшін бір үйірді өзіне бағындыра алатын биіктеу айғырлар таңдалады. Кейін он шақты бие қамалған қораға бір айғырды кіргізіп, оларды бір апта-он күндей бірге ұстайды. Осылайша бір-біріне әбден иісі сіңіп, толықтай мойындайды. Далаға шығарылса да, осы жылқылар басқа табынға қосылмайды. Бір айғыр бір табын жылқыға өзі ие болады.

"Ертеде қазақ жерінде аттылар империясы құрылып, олар жаңа жерлерді бағындыра бастады. Мұнымен қатар, қазір алыс-жақынмен араласып, хат алмасу оңай болса да, бір кездері бұл қиын шаруа еді. Осы орайда, Қазақстанның барлық өңірінде түсінікті бір тілдің болуына жылқы жануарының әсері мол. Жуырда жүргізген зерттеуімнің нәтижесінде қазақта 400-ге жуық жылқы туралы мақал-мәтелдің барын анықтадым. Тіпті, қазақ тіліндегі сөздердің 50%-інен көбі осы жылқымен байланысты. Мысалы, ғалым Ахмет Тоқтабайдың кітабында ертоқым мен қамшы сөздерінің жүзден астам нұсқасы келтірілген", — деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Тағы оқыңыз:

Ал Целиноград ауданы Қараөткел ауылының тұрғыны, Ақмола облысының көкпардан аға жаттықтырушысы, бапкер Ерғали Тоқабаев бүгінде жылқы шаруашылығынан өзгесін кәсіп ете алмайтынын айтады. Мұны ол атбегіліктің атадан балаға мұра болып беріліп келе жатқанымен байланыстырды. 

"Жылқы мініп жүргеніме 45 жылдан асты. Әкем жылқышы болғандықтан, көзімізді ашқаннан жылқы жануарын көріп өстік. Үйде ат баптап, бәйгеге қосып, бие де сауатынбыз. Бүгін таза қымыздың литрін 700 теңгеден сатып жатырмыз. Ал базарларға 400 теңгеден өткіземіз. Яғни жылқы жануарын қай жағынан алып қарасақ та, ол біз үшін пайдалы", — дейді Ерғали Тоқабаев.

Сондай-ақ, ол адам секілді малдың да өзіне ғана тән мінезі болатынын айтып өтті. Бірін қолға үйрету үшін сылап-сипау қажет болса, енді екіншілеріне қамшы қажет. Сондай-ақ, ол ауылы қалаға жақын орналасқандықтан, қымызмұрындық сынды жоралғылардың көп жасала бермейтініне тоқталды. Айтуынша, бұған тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы себеп болуы мүмкін.

Ал, Сіз құрметті оқырман, бұл жоралғылардың сақталуына қатысты не дейсіз? Бие сауып, жылқыдан пайдалы өнім алудың қандай ерекше айла-тәсілдерін білесіз?