Қоғам

Жеті баласы бар 27 жастағы келіншек Назарбаевқа аналық арманын айтты

Үш қыз бен төрт ұл тәрбиелеп отырған Жазира Тұрғынова Түркістан облысында тұрады
Sputnik

АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. 27 жастағы көпбалалы ана Қазақстан президентіне аналық арманын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Астанада жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында 27 жасында жеті баланың анасы атанған Жазира Тұрғынова сөз сөйледі. Ол бүгінгі іс-шараға Түркістан облысынан арнайы келіпті. Бүгінде көп балалы келіншек үш қыз және төрт ұл тәрбиелеп отыр.

Ешкі фермасын басқаратын 27 жастағы қыз Назарбаевтан жер сұрады

"Әр баламның өмірге келуі – біздің үйде үлкен қуаныш. Балаларымның күлкісін көрген кезде өмірге деген құштарлығым оянады. Қазіргі таңда балаларымның үлкені – 11 жаста, ол менің ең бірінші көмекшіме айналды. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған осынау байтақ Қазақ елімізде сәбилеріміздің көп болғанын қалаймын", — дейді ол.

Тұрғынова президенттің шешімімен Түркістан облысының орталығы атанған киелі Түркістан қазір үлкен құрылыс алаңына айналғанын атап өтті.

"Онда мемлекеттік нысандар, балабақшалар мен мектептер, жастар орталығы, медициналық мекемелер, спорт кешендері салынуда. Мен осы бүлдіршіндерімнің келешегіне сенімдімін. Олардың нағыз азамат болып өсуіне өз күш-жігерімді жұмсаймын", — деді көп балалы ана. 

27 жастағы келіншек қазақ жастарын көпбалалы болудан қорықпауға шақырды.

"Келін – ененің топырағынан" деп халқымыз бекер айтпаған. Менің де апам он баланы дүниеге әкелген. Мен еліміздің жастарын көпбалалы болудан қорықпауға шақырамын. Әр бала өз несібесімен келеді", — дейді Тұрғынова. 

Жас ана Қазақстан президентіне өз арманын айтты.

Бүркітші қыз Назарбаевқа Алтай қазақтарының аманатын жеткізді

"Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бала күнімнен сізді көрсем деп армандаушы едім. Бүгін мен сол арманыма жеттім. Әсем қала Астананы көріп, келешекте менің балапандарым осы қалада білім алып, әлемдегі мықты университтердің бірі Назарбаев университетінде оқыса деген аналық арманым бар. Сол үшін қолымнан келгенше балаларыма озық білім мен тәрбие беріп жатырмын", — деді батыр ана. 

Сөз соңында Жазира Тұрғынова Қазақстанның көпбалалы жас аналарының атынан Елбасыға алғысын білдірді.