АСТАНА, 22 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 2016 жылы наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Қарағайлы ауылының тұрғыны Земфира Кәкенованың өмірі түбегейлі өзгерді. Ол осы күні қағанағынан суы кетіп Семей қаласындағы №3 перзентханаға келген болатын. Отағасының айтуынша, дәрігерлер екі тәулік бойы "өзі босанады" деп ешқандай шара қолданбаған. Ақырында әйел есінен тана бастағаннан кейін ғана кесар тілігін жасап, іштегі сәбиді аман алып қалады.
"Емге 40 миллион теңге қажет"
"Дәрігерлер әйелімнің "өзім босанамын" деп қолхат бергенін айтады. Бірақ бұл қағаз еш жерде жоқ. Кесар тілігі арқылы сәбиді алған соң, әйелімнен қан кете бастайды. Осы кезде жатырды алып тастау отасын жасау үшін жансыздандыратын дәрі салады. Алайда осының алдында асқазанын тазаламағандықтан құсып, кейін өзінің құсығына тұншығып қалады. Мұнымен қоймай, әйелім комаға түскен кезде оны жасанды жолмен оттегі беретін сынған аппаратпен демалдырған. Істейтін аппаратты №1 перзентханадан тек төрт сағаттан кейін ғана әкелген", — дейді Мұратбек Кәкенов.
Тағы оқыңыз: Комада жатқан әйел жүкті болып, сәби дүниеге әкелді
Бүгінде дәрігерлер Земфира Кәкенованың тәні ғана емес, жаны да сау еместігін айтады. Өзі еркін қозғала алмайды. Тіпті, үш жылдан бері жалғыз өзі дәретханаға барып көрмеген. Сондай-ақ, оны отағасының өзі киіндіріп-шешіндіріп, қажет кезде тамағын береді. Мұратбек Кәкенов бүгінде бар уақытын әйеліне ғана арнайтынын айтады. Бұдан бөлек үш баласына өзі қарайлап, сабаққа апарып-алып келеді. Кенжесіне қарайлауға анда-санда енесі көмектеседі. Осылайша үйден шығып кеткенінде көршісіне ақша төлеп, әйеліне жәрдемдесе тұруға өтініш білдіреді.
Мұратбек Кәкенов 2018 жылдың көктемінде ақша жинап, әйелін Новосібір қаласында емдетіп келген. Ол әйелінің бұдан да көп уақыт емделуі керектігін айтады. Он күннің ішінде емнің қандай нәтиже бергенін өз көзімен көргендіктен, шетелдегі емнің пайдалы болатынына сенімді. Дәіргерлер де "Неғұрлым көбірек келсе, соғұрлым өзіне жақсы болады" деп ескерткен. Сондай-ақ, 40 миллион теңге жиналған жағдайда әйелін Томск қаласындағы мамандарға алып барып, тамағын көрсетпек. Себебі, қазір әйелінің тамағында түтікше тұр. Оны ай сайын Астана қаласындағы дәрігерлерге әкеліп, тазартып тұрады. Бірақ, кейде ақша болмай, 3-4 айда бір рет келуге мәжбүр.
"Қарындастарым әйелімнен шошып түсік жасатты"
"Земфираны Марина Александровна есімді дәрігер емдеді. Сол дәрігер кетіп бара жатқанымызда "Келгенде аппараттың көмегімен ешқандай алма жинай алмап еді, енді жинаған алмасының саны 30-ға жетті. Бұл емнің қаншалықты пайдасы бар екенін өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, иә?" деп сұрады. Расымен де, әйелім көктемнен бері оң қолымен қасық ұстап, өз күшімен 3-4 қасық тамақ іше алады. Үйде болған кезде де өзім түрлі жаттығу жасатамын. Ойыншық қармақтың көмегімен балық аулайды. Әрине, мұның барлығын оңалту орталығымен салыстыруға келмейді. Десе де, 5-6 қадамды арбаның көмегімен жүріп жатқанына қуаныштымын", — дейді ол.
Тағы оқыңыз: Бауырын ауыстырған әйел дені сәбиді дүниеге әкелді
Бүгінде бұл отбасы көмек қолын созатын логопед маман іздеп жүр. Отағасы соңғы уақытта әйелінің сөйлеуден қалып бара жатқанын айтады. Сондай-ақ, ол әйелінің мүгедек болып қалуына дәрігерлерді кінәлайтынын жеткізді. Бірақ істі сотқа берудегі мақсаты — дәрігерлерді түрмеге отырғызу емес, басқа мамандарға сабақ болсын деген ниеті. Олардан өтемақы талап етуді де жөн көріп отыр.
Бүгінде алыс-жақын туысқандары Земфира Кәкенованың жағдайын көріп, босанудан бас тартқан. Арасында қатты есеңгіреп, түсік жасатуға дейін барғандар да болған.
"Дәрігерлердің жұмысына адал болғанын қалаймын. Себебі, менің екі қарындасым әйелімді көріп, шошып қалды. Дәл осындай жағдайға түсіп қалмайын деп түсік жасатты. Бүгінде дәрігерлер кесірінен әйелімнің бүйрегі ауырып, дәретханаға әр 5 минут сайын барып жүр", — дейді ол.
Дәрігерлерді екінші рет сотқа бермек
"Бастапқыда кесар тілігін жасаған дәрігер бір нәрсені дұрыс кеспей, қан кетті деп ойлаймын. Бірақ ол істе мүлдем жоқ. Құдды отаға кірмеген адам сияқты. Тіпті, істе аппараттың дұрыс істемегені туралы да сөз қозғалмаған. Көбісі анестезиолог маман инкубацияны 4 минутқа созып жібергендіктен, ми гипоксиясы болғанын айтады. Ота кезінде іште болған дәрігердің барлығының түсін түстеп, атын атай алмаймын. Бірақ олардың ішінде 4 дәрігерді нақты білемін. Қалғандары бірнеше көмекші болуы керек", — дейді Мұратбек Кәкенов.
Тағы оқыңыз: Алматыда науқасы көз жұмған пластикалық хирург жазадан құтылып кетті
Қарағайлы ауылының тұрғыны мұнымен тоқтап қалмай, денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жазады. Министрліктегілер өтініштің толықтай қанағаттандырылғанын айтып, екінші рет сотқа жүгінуге кеңес берген. Мұратбек Кәкенов екінші мәрте сотқа бару үшін қолында дәлелдер бар екенін айтады.
Қалай көмектесуге болады?
Дәл қазір Мұратбек Кәкеновтің бар ойы — әйелінің еміне ақша жинап, оны шетелге барып емдету. Көмектесем деушілер болса, келесі нөмірге қаражат аударуына болады: Kaspi Gold 5169 4931 0837 7741, ЖСН 730511301216. Сондай-ақ, қосымша ақпаратты Instagram желісіндегі парақшадан көруге болады.