Қоғам

Астанада дәрігердің науқасты неге тепкені белгілі болды

© Sputnik / Болат ШайхиновОнкологиялық орталық
Онкологиялық орталық - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазір аталған фактіге сәйкес тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аурухана директорының айтуынша, 26 жастағы дәрігер бұл жағдайдан кейін жұмыстан қуылады

АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. Бірінші ретте дәрігеріміз шыдап бақты. Екіншісінде науқасты итеріп жіберіп құлатты. Бұдан кейін шыдамай басынан теуіп жіберді. Осылай түсіндірді қызметкерінің әрекетін Теміржол ауруханасының директоры Сергей Демочкин, деп хабарлайды тілшісі. 

Науқас емделіп жатыр - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Астанада науқас медбикені соққыға жығып, қабырғасы мен жағын сындырды

Аурухананың директоры қоластындағы қызметкерінің неліктен ашуға бой алдырып, науқасты соққыға жыққанын түсіндірді. Айтуынша, бұған себеп жоқ емес.

"Қазан айының 1-нен 2-сіне қараған түні сағат 01:40 кезінде ауруханаға науқас келіп түсті. Басы жарақаттанғанымен, ауруханаға жатқызатындай дәрежеде емес. Кезекші нейрохирург оған алғашқы көмек көрсетті. Осы кезде мас науқас шу шығарып, былапыт сөздер айта бастаған. Дәрігер оған алғашқы көмек көрсетілгенін айтып, үйіне жібереді. Араға біраз уақыт салып мас науқас қайтып келіп, медбикелерден өзінің телефонын тауып беруді талап етеді. Яғни ол телефонын медбикелердің біреуі ұрлап алған деп ойлаған", — деді аурухана директоры.

Әрі қарай бұл жағдайға 26 жастағы дәрігердің қалай араласып кеткеніне тоқталды. Айтуынша, мас науқас дәрігердің намысына тиетін сөздер айтып, туысқандарын балағаттаған.

"Науқас қайтып келген кезде қабылдау бөлмесінде кезекші дәрігер отырған. Ол әдеттегідей келген науқастарды рәсімдейді. Жаңағы науқас осы дәрігердің телефонын өзінікі деп байбалам салады. Ал дәрігер әлбетте өзінің телефонын беруден бас тартады. Бұдан кейін науқас кезекші дәрігердің намысына тиетін сөздер айтып, оны балағаттай бастайды. Тіпті, өзінің бокстан спорт шебері екенін айтып, туыстарына да тіл тигізеді. Бірінші ретте дәрігер шыдап бағады. Екінші рет науқас қол көтергенде дәрігер оны итеріп жібереді. Науқас осы кезде жерге құлаған еді. Мас ер адам үшінші рет шабуыл жасамақ болғанда дәрігер өзін ұстай алмай науқасты аяғымен теуіп жібереді", — деді директор Сергей Демочкин журналистерге арналған брифинг барысында.

Сондай-ақ, Сергей Демочкин қандай жағдай болса да, дәрігерлердің науқастарға қол көтеруге құқығы жоқ екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ол ашуға бой алдырған 26 жастағы дәрігердің жұмыстан қуылатынын жеткізді.

Қазір аталған фактіге сәйкес тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал науқас үйіне жіберілді.

Жаңалықтар
0