Өңірлер

Түркістанда әкімнің орынбасарын не үшін атып кеткені анықталды

Түркістан облысында шенеунікке күш қолданып, қастандық жасағандардың соты басталды
Sputnik

ШЫМКЕНТ, 22 қаңтар — Sputnik. Түркістан облысының Төле би аудандық соты аудан әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваны үйінің маңында атып, қашып кеткен күдіктілердің ісін қарай бастады, деп xабарлайды тілшісі сот залынан. 

Айыпталушылар сот процесіне БАҚ өкілдерінің кіруіне қарсылық танытпағанымен өздерін көрсетпеуді сұрады.  

Сот тергеуіне судья Жәнібек Сейітжаппаров төрағалық етуде.

Түркістанда аудан әкімінің орынбасарын атып кетті: полиция күдіктілерді ұстады

Әуелі айыпталушылардың қорғаушылары оларды кепілмен босату туралы талап-тілек түсірді. Десе де судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. 

Содан кейін прокурор Алмаз Сағындықов айыптау актісін оқыды. Оның айтуынша, шенеуніктің танысы бас араздығына байланысты Рабиға Бейсебаеваға қару қолданып, қастандық жасау мақсатында Жамбыл облысының тұрғынына xабарласқан. Тапсырысты орындағаны үшін миллион үш жүз мың теңге беретінін айтқан. Ол екі танысымен бірге шенеунікті жеке үйінің маңында ұрып, оқ атқаннан соң оқиға орнынан кетіп қалған. Шенеунік жеңіл жарақатпен Ленгір қалалық ауруxанасына түскен. 

Прокурор тапсырысты орындаушылардың біріне Қылмыстық Кодекстің  "Бұзақылық" бабымен, қалған екі тапсырысты орындаушы мен тапсырыс берушіге Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабымен айып тағылғанын атап өтті. Әйткенмен, біреуі тағылған айыпты мойындамайтынын, қалған айыпталушылар айыпты жартылай мойындайтынын айтты. 

Күдіктілер

Бұған дейін, облыстық полиция департаменті күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. 

2018 жылдың 23 қазанында Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсенбаеваны жеке тұрғын үйінің маңында белгісіз біреулер оқ атып, жарақаттаған еді.