АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайдан этникалық қазақтар тұратын аудандарды көрсетуді сұрап отыр. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қытайдағы қазақтардың жағдайы Қазақстанның жіті бақылауында. Қазіргі таңда Қытайда 1,5 миллионнан астам этникалық қазақ тұрады. Олар мемлекеттік басқару, құқық қорғау органдарында, әлеуметтік салаларда қызмет етеді. Олар Қытайдың толыққанды азаматы. Әрбір жекелеген жағдайда біз Қытай тарапын заң аясында, объективті және әділ әрекет етуге шақырамыз", — деді ол.
Смадияров өткен жылдың соңында 2500-ден астам этникалық қазаққа Қытай азаматтығынан шығу мүмкіндігі берілгенін еске салды.
"Бірақ шеттегі қазақ диаспорасын қолдай отырып, біз басқа мемлекеттің ішкі істеріне араласуға жол бермейтін халықаралық құқықты сақтауымыз керек", — деді баспасөз қызметінің жетекшісі.
Былтыр желтоқсан айында шетелдік дипломаттар Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданына барған еді. Олардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкерлері де бар.
"Сапарды Қытай билігі ұйымдастырды. Біз Қытай тарапынан этникалық қазақтар тұрып жатқан аудандарды көрсетуді сұрадық. Ал бұл жолы мүлде басқа аудандарды араладық – Үрімші, Хотан және Қашғар", — дейді ол.