АСТАНА, 16 қаңтар — Sputnik. Бұған дейін СІМ жауапты хатшысы болып жұмыс істеген Ермек Көшербаев Қазақстан сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды.
"Мемлекет басшысының өкімімен Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды", — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ермек Көшербаев 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1988 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және КСРО СІМ-нің дипломатиялық академиясын бітірген.
Әр жылдарда президент әкімшілігінде, үкіметте, сыртқы істер министрлігінде, "Нұр Отан" партиясында, "ҚазМұнайГаз" АҚ-да басшылық қызметтер атқарған.
Көшербаев сондай-ақ ауыл шаруашылығы вице-министрі, ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы болып істеген. 2017 жылдың мамырынан 2019 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан СІМ жауапты хатшысы лауазымында болды.