ҚЫЗЫЛОРДА, 9 қаңтар — Sputnik. Қызылорда облысының прокуроры мен өңірдегі ішкі істер департаментінің бастығы қоғамдық резонанс тудырған жол апатын тергеуді бақылауына алды.
Ресми мәлімет бойынша, 28 желтоқсан күні Қызылордада Сүлейменов және Нұрмақов көшелерінің қиылысында жеңіл көлік 22 жастағы қызды қағып кеткен. Зардап шегуші облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Ол 1 қаңтар күні комада жан тапсырды.
Жеңіл көліктің рөлінде 14 жастағы жасөспірім болған. Көлік оның анасына тиесілі екен, рөлге үлкендерге айтпастан отырған.
"Қызылорда қаласында 2018 жылдың 28 желтоқсанында болған жол апаты фактісі негізінде 345-баптың 3-бөлігі және 349-баптың 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр" — деп хабарлады Қызылорда облысының ІІД.
Тиісті сараптамалар белгіленді, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қаза болған қыздың туыстары апатқа кінәлі жасөспірім жазадан құтылып кете ме деп уайымдауда.
Марқұм Саида Абдулланың туыстарына екі сұрақ маза бермей отыр: кәмелетке толмаған балаға көлік жүргізуге кім рұқсат берді және қызды аурухана неге қабылдамаған?
Күдікті кінәсін толық мойындады. Ол зардап шегушіні ауруханаға өзі алып барған. Дегенмен ондағылар қансырап жатқан қызды жедел жәрдем әкелмегендіктен қабылдаудан бас тартқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаны сол күні облыстық аурухана ғана кезекшілік жасағанымен байланыстыра түсіндірді. Науқас кейінірек сонда жеткізілген.
"Ол басынан қатты жарақат алғаны анықталды. 28 желтоқсаннан бастап жансақтау бөлімінде жатты, алайда 1 қаңтарда көз жұмды", — деді медициналық мекемедегілер.
Саиданың анасы әлі күнге ес жиған жоқ. Жасөспірімнің туыстары тіпті кешірім де сұрамаған. Марқұмның жақындары жасөспірім жазадан жалтарып кете ме деп қорқады.
"Сол күні келіп неге жылайсың деп жекірді. 1941 жылы қанша адам өлгенін айта бастады. Алайда менің қызым соғысқа қатысқан жоқ қой. Бұл соғыс емес. Кешірім сұраудың орнына айқайлап кетті! Адам құрлы көрген жоқ", — дейді марқұмның анасы Нартай Абдуллаева.
Қызылорда облысының ІІД кінәлілер жазадан қашып кете алмайды деп сендірді. Тергеу Қызылорда облысының прокуроры мен ішкі істер департаменті бастығының ерекше бақылауында.