Қоғам

Депутаттар Қарағандыдағы төбелесте көз жұмған жігіттің отбасына көңіл айтты

Парламент мәжілісінің депутаттары Қарағандыдағы қанды оқиғаға байланысты тарап жатқан ұлтаралық алауыздықты өршітетін ақпараттар үшін алаңдап отырғанын жеткізді
Sputnik

АСТАНА, 9 қаңтар — Sputnik. Парламент мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында депутаттар Қарағандыдағы қанды оқиғада көз жұмған азаматтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, олар тергеу әділ жүргізіліп, кінәлі адамдардың жазасын алатынына сенім білдірді, деп хабарлайды тілшісі. 

Қарағандыдағы төбелестен кейін қашып кеткен күдікті – Армения азаматы
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Қарағандыдағы қанды оқиғаға қатысты тергеудің әділ жүргізіліп жатқанын айтты.

"Марқұм Жансейіт Рақымжанның барлық жақынына, туған-туысқанына ауыр қайғысына ортақтаса отырып көңіл айтамыз. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғап, жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп, кінәлілерді анықтау үшін тиісті шаралар қолдануда. Осы қылмыстық іске қатысы бар адамдар әділ жазасын алады деп сенеміз. Заң алдында жұрттың бәрі тең", — деді мәжіліс депутаты.

Әрі қарай осы оқиғаға байланысты БАҚ беттерінде толық тексерілмеген ақпараттардың жарияланып жатқанына алаңдайтынын жеткізді. Осы орайда, ол ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа өтініш білдірді.

"Бұл оқиғаға байланысты кейбір ақпарат құралдарында түрлі мәлімет жазылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз — саяси тұрақтылық пен қоғамдық татулықты сақтай отырып, экономикалық дамуды жалғастырып, біртұтас мемлекетіміз Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін тұғырлы, баянды ету. Осыған орай, сізден (Дәурен Абаев— Sputnik) бұқаралық ақпарат құралдарындағы аталған оқиғаға қатысты материалдардың объективті, тексерілген және нақты болуын қамтамасыз етуді сұраймыз", — деді депутат барша әріптесінің атынан.

Тағы оқыңыз:

Арменияның үкімет басшысы Қарағандыдағы қанды оқиға туралы пікір білдірді
Әріптесінің сөзін депутат Наринэ Микалеян да қоштап,толықтай қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол өзінің және армян мәдени орталығының атынан марқұм болған азаматтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты. Наринэ Микалеян да қазіргі уақытта тергеу жұмыстарының барынша әділ, ашық өтуі үшін билік тарапынан барлық шара қолға алынғанына тоқталды.

"Ұлтына қарамастан осы оқиғаға кінәлілер жазалануы тиіс деп есептеймін. Бүгінде біздің Қазақстанымызда жүзден астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл — біздің басты құндылығымыз мен байлығымыз. Сол себепті еліміздің татулығы мен ынтымақтастығын көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Осы орайда, БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі ерекше екені сөзсіз. Сол себепті ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы мәселені жүйелі түрде және басты назарда ұстауын сұраймын", — деді мәжіліс депутаты.

Жаңа жыл түні Қарағандыда не болды

Жаңа жыл түні Қарағандыда "Древний Рим" мейрамханасы алдында жаппай төбелес болып, бір адам қаза тапты. Ішкі істер министрлігі берген мәліметке сүйенсек,  мейрамхана қонақтарының демалыс орнының жабылуына наразылығы салдарынан жанжал шыққан.

Төбелеске мейрамханаға иелерінің жақындары мен қонақтар қатысқан. Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ұлтаралық алауыздық жанжалға себеп болды деген ақпарат тарай бастады. Бұл мәліметті Қазақстан мен Арменияның билік өкілдері бірнеше рет жоққа шығарды.

Қазір төбелеске белсенді қатысқан сегіз адам уақытша ұстау изоляторында, біреуі болжам бойынша Ресейде қашып жүр.