Дерекқор

Жаңа жылға құттықтау мен тілек

Адамдар үшін бағалы сыйлықтардан да артық бір нәрсе бар. Ол – жүректен шыққан жылы тілек
Sputnik

Жаңа жылға қадам басуға аз ғана уақыт қалды. Бұл мерекені барша әлем халқы асыға күтетіні сөзсіз. Жұрт мол жайылған дастарқанда бас қосып, жақындарына жылы лебізін білдіреді. Сіз де асыл адамдарыңызды Sputnik Қазақстан дерекқорындағы тілектермен қуантыңыз. 

Атаға тілек

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр бір-бірімізге күн сайын жылы сөз айтуға ырық бермейді. Желдей жүйткіген уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Сол себепті осы сәтті пайдаланып, ататайым, сізге алғыс айтқым келеді. Әр Жаңа жыл келіп жеткен сайын жарық дүниедегі әр сәтім үшін мың шүкіршілік айтамын! Мұның барлығы біздің болашағымыз үшін аянбай еңбек етіп, ата-анамызға жақсы тәрбие берген өзіңіздің арқаңыз.

Мен үшін көңіліз аппақ қардай таза, ал мінезіңіз ұлпа қардай жұмсақ. Қабағыңыздан қаңтардың суықтығы мен ажарыңыздан ақпанның аязды кейпін көргім келмейді. Барлық аялы армандарыңыз орындалып, жүрегіңіз жылудан айырылмасын! Сіз мен үшін үнемі сағынышпен тосатын Аяз атадай қымбатсыз! Бірақ есейгелі сізді беретін сыйлықтарыңыз үшін емес, жәй ғана қасымда болғаныңыз үшін жақсы көремін!

Әжеге тілек

Тілеуімді тілеп, әрдайым еркелігімді көтере білген, мен ауырсам, жаны ауырған, көрмей қалса, сағынған әжетайым, Жаңа жылыңыз құтты болсын! Бар тәттіні аузыма тосып, қызықты ертегісі мен ақыл-өсиетін құлағыма құюдан жалықпаған өзіңізді жан-жүрегіммен жақсы көремін. Жасыңыз ұзақ болып, ешуақытта ауырмаңыз. Көңіліңіздің кеңдігі мен асыл өсиеттеріңіз үшін көп рахмет! Әрқашан бала-шағаңыздың қызығына кенеліп жүре беріңіз!

Мен үшін атам екеуіңіздің бір жастықта қартайып, жүздеріңіздегі нұрлы күлкіні көруден артық бақыт жоқ. Кеудеңіздегі лүпілдеген "моторыңыз" ақаусыз жұмыс істеп, жүздің бірнешеуін жасаңыз! Алдағы өміріңіз ой-шұңқырсыз кең әрі тегіс болсын! Әр сәт сізге бақыт пен қуаныш қана сыйласын!

Әкеге тілек

Әкетайым, өмірдің түрлі соқпағына қарамастан бізді өрге тартып, тағдырдың суығына тоңдырмай мәпелеп, ыстық махаббатыңызға бөлегеніңіз үшін рахмет. Келер Жаңа жыл сізді тек жақсы тосынсыйларымен қуантсын! Деніңіз сау болып, жарқын жүзіңізді ешуақытта мұң шалмасын. Сүйенсем — тірегім, құласам — сүйенерім болған өзіңізсіз.

Маған осы күнге дейін жасаған жақсылығыңыз үшін алғысым шексіз және оларды ешуақытта ұмытпаймын. Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Әрдайым шаңырағымыз мол әрі берекелі болсын! Анам екеуіңіз балаларыңыздың қуанышына марқайып отыра беріңіздер. Сіздердің жанымда болғандарыңыз мен үшін үлкен бақыт! Рахмет сіздерге!

Анаға тілек

Баға жетпес асылым, мені өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсіріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай осы күнге дейін есен-сау жеткізгеніңіз үшін сізге мәңгі қарыздармын. Жүрегімді жарып шыққан бар ізгі тілегім өзіңізге арналады. Бала-шағаңыздың ортасында күліп-ойнап, бақытқа бөленіп, шаттыққа кенеліп жүре беріңіз. Келіп жеткен жаңа жыл сізді қуантудан жалықпасын. Мәуелі бәйтеректей көз алдымда жайқалып жүре беріңіз.

Жаңа жылға арналған әндер
Сіздің жүрегіңіздегі шексіз мейірім мен аялы алақаныңызға тең келетін ешнәрсе жоқ. Шырайлы шапағат пен шуаққа кенеліп, әр таңыңыз қуанышты сәттерге толы болсын, ешуақытта ауырмаңыз.

Осындай көңілді мерекені бірге қарсы алуды бұйыртқан Жаратқанға алғысым шексіз. Алда талай жылды бірге қарсы алуды бұйыртсын. Тамырын тереңге жайған қарағайдай бәрімізге сая бола білген өздеріңізді Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, бақытты ғұмыр тілеймін!

Сүйіктіме тілек

Жаным, біздің өміріміз сылдырлап аққан өзен секілді. Сіздің алда кездескен қайғы мен қиындықтардан жеңіл өтіп, бақыт атты сарқырамаға жетуіңізге тілектеспін. Ал мен әрдайым жаныңызда қолдаушыңыз боламын. Кешегі батыл мақсаттарыңыз бүгінде шындыққа айналсын. Көңіліңіздің аспаны ешуақытта түнермесін, жаманшылық атаулысының барлығы сізді айналып өтсін.

Шын жүректен әлемнің бар жақсылығы мен асылын, қуанышы мен байлығын тілеймін! Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, сізді үлкен бастамаларға жетелесін. Мен де, балапандарымыз да сізді шексіз жақсы көреді. Кез келген сәтте сүйенішіңіз болуға дайынбыз! Осыны ұмытпаңыз!

Жаңа жылға құттықтау мен тілек

Достарға тілек

Уақыт ешкім тоқтата алмайтын алып кеме секілді. Сол кеменің жүрісімен біз де өмір толқындарымен араласып, арпалысып, балалық шақ жағалауына қол бұлғап, бүгінде ересек шаққа жеткен жайымыз бар. Осы ұзақ жолда күресте жеңе білгендер, жеңіліп ағыстың ағынымен кеткендер жетерлік.

Өздеріңнің осылардың алғашқыларының қатарында болғандарыңды қалаймын. Алда кездесетін сан қилы қиындық пен ауыртпалықты бастағы ақылмен, сабырлы мінезбен жеңе біліңдер. Аспанның бұлтсыз болмайтынын бәріміз білеміз. Бірақ жаңа жылда шуақты күндер көп болсын! Аңсаған армандарыңа жетіп, тек бақытты сәттердің куәсі болыңдар! Ең бастысы денсаулық мықты болсын!

Әріптестерге тілек

Құрметті әріптестер, жаңа жыл тамаша тосынсыйларға, ауыз толтырып айтар жетістіктерге, сондай-ақ кішігірім сәтсіздіктерге толы болды. Бірақ біз қажымай еңбек етіп, жасағандарымыз үшін лайық баға алып отырдық. Барлығымыз үшін Жаңа жыл тек жақсы өзгерістерін алып келсін!

Табысты келісімшарттар жасалып, стратегиялық маңызы зор серіктестердің қатары көбейсін. Ең бастысы, әрқайсыңыздың еңбегіңіз ортақ мүдде үшін аса маңызды екенін ұмытпаңыз. Жаңа жылмен құттықтай отырып зор денсаулық пен жаңа бастамаларға жетелейтін күш-жігер тілеймін!

Балама тілек

Алтыным, ботам, панам, біздің өмірімізде бар болғаның үшін рахмет! Өзіме не тілесем, саған да соны бергім келеді. Сен үшін күйіп, маңдайдан сүйіп тұратын жақындарды, қолдары ашық болатын, жаныңа ғашық болатын асыл жандардың ортасында жүруді тіледім. Жаныңды жалғызсыратпайтын жар кездессін.

Алдыңнан шыққан кедергілердің бәрін жеңіп, алып мұраттарыңа асқан табандылықпен жете біл. Алла-тағала сені тек биіктерден көруді жазсын. Әр қадамыңа гүл, келбетіңе нұр, қиялыңа қанат бітіп, жасыңа жас қосылсын. Жаңа жыл саған тек қызықты да қуанышты сәттер алып келсін!

Жаңа жылға құттықтау мен тілек

Өзіме тілек

"Тағы бір мәрте шалыс басып, қолыңнан бірнәрсе келмей жатса да, сүрініп құлап, жерде жатсаң да, тағы бір рет қателік жасап, жаңа қадам жасауға қорықсаң да, сен әрдайым қолдау көрсетіп, сенім артуға лайықсың…" Жоқ, мен бұл сөздерді айналамдағыларға емес, өзіме айтамын. Біз өзімізді бар қалпымызда қабылдауға лайықпыз.

Ішкі дауысымыз бір топ адам айтқан әннен қаттырақ шығуға лайық. Біз өзімізге қайта-қайта мүмкіндік беруге лайықпыз! Сол себепті, Жаңа жыл мерекесімен, алдымен, өзімді құттықтаймын. Осы күнге дейін қиындықтарға мойынсұнбағаның үшін рахмет, асылым. Алдағы жылы өзіңе күтім жасап, шексіз жақсы көруге уәде беремін.