Дерекқор

Жаңа жылға арналған әндер

CC0 / Free-Photos / Жаңа жыл
Жаңа жыл - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жаңа жылда көңіліңізді көтеріп, шаттыққа бөлейтін мерекелік әндер жайлы Sputnik дерекқорынан біле аласыздар

Санаулы күндерден кейін тағы бір жыл тарих қойнауына енеді. Табалдырықтан Доңыз жылы аттап, жаңа жылдың ақ парағы ашылады. Аяз ата мен жасыл шыршадан бастап Жаңа жылдың көркін келтіретін дүние көп-ақ. Соның бірі – Жаңа жылға арналған мерекелік әндер. 

Балаларға арналған жаңажылдық әндер

"Аппақ, аппақ, жапалақтап" деп басталатын ән естеріңізде болар. Балабақшаларда, мектептерде бүлдіршіндер шыршаны айнала, бірге қосылып шырқайды. Халықтың сүйікті композиторы Латиф Хамидидің жарты ғасырдан астам уақыт бұрын шығарған әні. 

Аппақ, аппақ, жапалақтап,  

Қар жауады тынбастан 

Қалың орман қар жамылған 

Маужырайды түнгі аспан

       Қайырмасы:

Кел билейік, үйренейік 

Ол келгенше жаңа жыр. 

Құтты болсын, құтты болсын, 

Құтты болсын жаңа жыл.

Жаңа жылда балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын тамаша әндердің бірі – "Келді, міне, жаңа жыл". Балаларға арнап ән жазып жүретін белгілі сазгер Бота Бейсенованың туындысы.

"Келді, міне, Жаңа жыл,

Шаттық сыйлап әр үйге, 

Жаңа бақыт, жаңа нұр,

Үлкен, кіші, сәбиге", — деп басталады. 

Дәл осы сазгердің "Шырша жыры" деп аталатын әні де мектеп жасындағы балалар арасында танымал.

Қане, достар, тұрмайық, 

Қарсы алайық, жыл басын. 

Қызықтан бос қалмайық, 

Шырша жыры самғасын. 

Ал достарым келіңдер, 

Келді Аяз атамыз, 

Биге бөлеп беріңдер, 

Шырша жырын айтамыз. 

Санаулы күндерден кейін есік қағатын Доңыз жылын Сайлаубай Тойлыбаевтың сөзіне жазылған "Жаңа жыл" әнімен қарсы алуға болады. Әні: Сәкен Дәрібаев.

Көк шыршамыз ырғалып 

Жатыр дала-қыр нағып  

Жылым келді аппақ жүзі нұрланып!

Жарасатын еліме,

Төрлет жылым төріме!

Бейбіт жатқан қазағымның жеріне!

                 Қайырмасы:

Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!

Ақ көрпесін жамылды ғой дала-қыр.

Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!

Шалқытайық шаттық ән мен жаңа жыр.

Сиқырлы әрі қайталанбас мерекенің көркін Бота Бейсенованың "Жаңа жыл" әні қыздырады.

Жаңа жылым келді еліме 

Жаңа жылым келді жеріме, 

Көкейімде сайрап сан арман 

Бізді тосады бақыт алдан. 

Жаңа жылым келді еліме, 

Жаңа жылым келді жерме. 

Көңілді бөлейтін шаттыққа

Әр үйді бөлейтін бақытқа. 

Қазақ эстрада жұлдыздарының жаңажылдық әндері 

Танымал әнші Мадина Сәдуақасова орындайтын "Жаңа жыл шамдары" әні кез келген жанды шаттыққа бөлейтіні анық.

 Әні: А.Жүнісқожаев, сөзі: М.Мәліков

Ақ сезімдей ақ ұлпа жалында

Ақ шағала қонады қолыма

Көптен күткен мереке сағынып

Келді, міне, Жаңа жыл тағы да, тағы да.

                   Қайырмасы:

Жаңа жылдың жарқырасын шамдары,

Жаңа өмірдің жадырасын жандары,

Жаңа жыл, жаңа күн, жаңа өмірде,

Орындалсын әрбір жанның бар арманы.

Бақыт Шадаеваның "Жаңа жыл" әні де көңіліңізге үміт пен сенім ұялатады.

Қош келдің жаңа жылым қазағыма,

Қайранмын дүниенің ғажабына.

Көндірген бейнетімен азабына,

Қош келдің жаңа жылым қазағыма.

                   Қайырмасы:

Белін бекем буған елім, 

Бақ дәулетке тұнған елім.

Құтты болсын, кұтты болсын,

Жаңа жылым туған елім.

Сондай-ақ, отбасылық мереке күндері Жанар Дұғалованың "Жаңа жыл" атты әнін тыңдауға кеңес береміз.

Ақ жүрекпен ән шырқайық жап-жаңа,

Тілекпен жыл жеткен жеткезсің деп арманға,

Мереке бұл күткен жанаратын таңымыз,

Думанмен, шаттықпен қарсы алайық бәріміз.

             Қайырмасы:

Кел жаңа жыл, кел жаңа жыл,

Жаңа әлемді көрейік таңда аман

Асқақ көңіл бейбіт өмір орнаған.

"Жаңа жылда жаңа нұр тілейміз біз баршаға" деп әндететін "Меломен" тобының "Жаңа жыл" әні де мерекелік көңіл-көңіл сыйлайды. 

Тағы да келді, көптен күткен жаңа жыл,

Жаңа күн, жаңа жыр, жарқырайды жаңа нұр,

Көңілге шаттық орнап, жүрек сыры ашылған,

Пәк көңіл, ақ тілек, аппақ қардай шашылған

Жаңа жылда, жаңа жылда

Жаңа нұр тілейміз біз баршаға,

Ақ тілек те арнаймыз біз жар сала.

Жаңа жылда, жаңа жылда,

Жаңа нұр, жарқырасын жаңа күн,

Бейбіт күндер әкелсін тек жаңа жыл.

Жаңажылдық әндер тізімін BN тобының "Жаңа жыл" туындысымен түйіндемекпіз.

Шомылып ақ қарға,

Мақтадай жатқанда

Ғасыр салып ойнап жүргенбіз.

Бір бақыт тапқанда,

Самғайды ақпанда

Бақытты өмір сүргенбіз.

Арманың барда,

Бақытың алда

Шаттықпен өткізші өмірді.

Айтарым енді

Жаңа жыл келді

Көтеріп жүрейік көңілді!

Жаңалықтар
0