Спорт

Қанат Ислам жарақат алып қалды: боксшы рингке қашан оралатынын айтты

Спортшы WBA, WBO және WBC рейтингтерінен неге шығып қалғанын да түсіндірді
Sputnik

АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Бірінші орта салмақта сынға түсетін қазақстандық боксшы Қанат Ислам наурыз айында шаршы алаңға оралуы мүмкін, деп хабарлайды тілшісі. 

Қазақстандық боксшы аяғын жарақаттап алуына байланысты ұзақ уақыт рингтен көрінбеген еді. Қазір тиісті емнен кейін Ислам дайындықты бастап кеткен. 

Қанат Ислам ауруханаға түсіп қалды

"Дәрігерлер маған 7-8 ай уақыт берді. Енді қазір бәрі ойдағыдай, ақырындап дайындыққа кірісіп кеттік. Алла қаласа, наурызда рингке оралуды жоспарлап отырмыз", — деді боксшы ОКҚ-де өткен брифингтен кейін. 

Отандасымыздың кезекті қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз. 

"Кез келген боксшымен шығуға дайынбыз", — деді Қанат Ислам. 

Сондай-ақ, былғары қолғап шебері өзінің WBA, WBO және WBC рейтингтерінен неге шығып қалғанын да түсіндірді. 

"Рейтингте бірінші орында тұрсыз ба, онда міндетті түрде жұдырықтасуыңыз керек. Рейтинг ай сайын жаңаланып отырады. Менің артымда тұрған жігіттер ай сайын жекпе-жек өткізіп жатыр. Мен ешқандай кездесу өткізбеген соң, орынды босату керек болды. Ол да қолдан жасалып отырған нәрсе. Ал, егер де мен қайтадан рингке оралсам, барлығы орнына келеді. Бірақ, маған рейтингтен алып тастағаны немесе қосқаны, шынын айтқанда, қызық емес",  деді ол.