АЛМАТЫ, 6 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан парламентінің сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter аккаунтында Үлкен Алматы көлінде мәнерлеп сырғанаған Ксения Панкратованың фотосын жариялап, оның Қазақстан табиғатын қорғау туралы пікірін қолдайтынын жазды.
Ксенияның Үлкен Алматы көлінде түсірген видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан соң шыққан шу туралы БАҚ-тан оқып білген Қасым-Жомарт Тоқаев қыздың табиғатты қорғау керек деген ойына қосылатынын жазды.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от Самые Лучшие Видео! (@uz_video) 2 Дек 2018 в 4:22 PST
"Алматылық қыздың табиғаты ерекше қорықтарды қоқыспен ластамау керек деген үндеуін қолдаймын", - деп жазды ол Twitter желісінде.
Ксения Панкратованың видеосына қатысты жұрттың пікірі екі түрлі: біреулер қыздың сұлулығы мен өнеріне тәнті болса, басқалары Алматы қаласын сумен қамтып отырған көлді ластады деп айыптады. Жағымсыз пікірлер толастамаған соң мәнерлеп сырғанаушы Instagram парақшасын жауып тастауға мәжбүр болыпты.
5 желтоқсанда Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы Ксения Панкратованы шақырып, Үлкен Алматы көлінде конькимен сырғанауға болмайтынын түсіндіріп, ауызша ескерту жасады.
Ал бір жарым миллионнан астам адам тамашалаған видеоролик америкалық телеарналардың бірінің назарына түсіпті.