Қазақстан Илон Масктың зымыранымен екі спутник ұшырды

Калифорниядағы "Вандерберг" ғарыш айлағынан зымыран штаттық режимде ұшырылды
Sputnik

АСТАНА, 4 желтоқсан — Sputnik. Калифорниядағы "Вандерберг" ғарыш айлағынан Falcon 9 тасығыш зымыранымен екі қазақстандық спутник ұшырылды.

KazSTSat микроспутнигі мен KazSciSat-1 наноспутнигі – ғылыми-технологиялық мақсатта ұшырылған қазақстандық ғарыштық аппараттар.

Ғылыми-технологиялық мақсатта ұшырылған ғарыштық жүйенің мақсаты: төменгі орбитада пайдаланылатын ғарыш аппараттарын жобалау және құрастыру технологияларын өңдеу және сынақтан өткізу. Оларға берілген тапсырма – Жердің ионосферасына ғылыми зерттеу жүргізіп, технологиялық жүктеме үшін ұшу туралы мәлімет алу, деп хабарлайды Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Қазақстан Илон Масктың зымыранымен спутник ұшырады

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының "Ғалам" ЖШС мамандары мен Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен  технологиялар орталығының Ғарыштық техника және технологиялар институты алғаш рет ғарыштық аппараттар жасауға қатысып отыр.

23 қазаннан бастап бір айдан астам уақыт бойы "Ғалам" ЖШС инженерлері "Surrey Satellite Technologies Limited", "Spaceflight", "SpaceX" шетелдік компанияларындағы әріптестерімен бірге спутниктерді тасығыш зымыранның бас жағындағы модульге орнатты. 

Бұл жолы Falcon 9 тасығыш зымыраны орбитаға 17 елге тиесілі 64 микро- және наноспутникті алып шыққан.  

Естеріңізге сала кетсек, SpaceX — Илон Маск негізін қалаған компания.