Әлем

Қытайдың 79 қаласы қалың түтіннің астында қалды

Қытайдың бес ірі қаласында түтіннің денсаулыққа аса зияндылығына байланысты қауіптіліктің "қызыл" деңгейі жарияланды
Sputnik

АСТАНА 2, желтоқсан — Sputnik. Қытай билігі азаматтарды демалыс күндері 79 қаланы қалың түтін басатынын ескертті. Бұл туралы South China Morning Post хабарлайды. 

Жойқын дауыл Қытай мен Филиппиннің астаң-кестеңін шығарды: қорқынышты фотолар
Қалалардағы көз жететін жер 50 метрге дейін қысқарды. Бұл әуе, су және жердегі қозғалысқа үлкен кедергі келтіруде. Кейбір өңірде ірі автожолдар жабылды. Ауаның қатты ластануына байланысты көптеген фабриканың жұмысын уақытша тоқтатуға тура келген. Ал көлікті пайдалануға шектеу енгізілді. Мектептер мен басқа білім ошақтарында даладағы сабақтар болмайды. 

Ауаның қатты ластануы солтүстік, солтүстік-батыс пен шығыста байқалады. Қоршаған ортаны мониторингілеу ұлттық орталығының ақпараты бойынша, атмосферадағы зиянды заттар екінші желтоқсанда көп жинала бастайды да, осы қалпында кемінде үш күн сақталады. Қытайдың бес ірі қаласында денсаулыққа аса қауіпті "қызыл" деңгей жарияланды. 

Экология және қоршаған орта министрлігінің өкілі Лю Юбиннің мәлімдеуінше, ел мұндай қалың түтінге ауа райына байланысты оранып отыр, дегенмен негізгі себебі – атмосфераға зиянды қалдықтардың көп түсуі. Үкімет қыста жағдай жақсарады деп сендірді, өйткені өндіріс көлемі қысқарады – Қытайдың экономикалық өсімі АҚШ-пен арадағы сауда соғысынан кейін бәсеңдеген.