Қоғам

Президент Назарбаев мектебінің оқушыларына қойылатын басты талапты атады

Астанада "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған "Ұлы дала мұрагерлері" атты оқушылар мен педагогтардың форумы басталды
Sputnik

АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұжымы мен оқушыларын он жылдық мерейтоймен құттықтады, деп хабарлайды тлшісі. 

Қазақстан Тұңғыш Президент күнін атап өтіп жатыр

"Бұл әлемдегі өркениеттің өнегесін ұстанған білім ошақтарының берекелі белесі. Назарбаев университеті құрылғаннан кейін, бұл университетке түсетін оқушы, студент керек. Сұраныс көп, бірақ емтиханнан өту оңай емес. Оқушыларды мектептерде жақсы дайындау керек болды. Сондықтан мен Қазақстанның әр түкпірінде осындай зияткерлік мектептері болсын деген идеяны іске асырдым", — деді Назарбаев "Ұлы дала мұрагерлері" оқушылар мен педагогтардың форумында. 

Президент зияткерлік мектептер еліміздегі орта білім берудің ең жоғарғы эталонына айналғанын, Қазақстандағы мектептің бәрі соларға қарап бой түзейтінін атап өтті. 

"Жас ұрпақтың заман талабына сай білікті болуы базалық білімге, яғни мектептегі білімге тікелей байланысты. Қазақстаның барлық өңірінде ашылған 20 зияткерлік мектепті бүгінгі күнге дейін 8 мың түлек бітіріп шықты. Бұл жүз пайыз сапа деген сөз", — деді Елбасы.

Назарбаев зияткерлік мектептерде  "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан балалар ғана білім ала алатынын айтты. 

"Біз мұны әр аймақтағы кез келген дарынды перзент қабілетін осы мектепте шыңдай алуы үшін аштық. Еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын талантты ұландардың болашағының жарқын болуына себін тигізеді. Зияткерлік мектептердегі білімнің сапасы мен тиімділігін әлем елдері де мойындап отыр. Бұл оқыту жүйесі Сингапур мен Ұлыбритания сияқты елдердің стандарттарымен тең келеді", — деді мемлекет басшысы. 

Тұңғыш Президент күніне орай әлеуметтік көмек көрсетіледі

Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектептердің ұжымы мен ұстаздарына шынайы алғысын жеткізді. 

"Өздеріңіз білесіздер, өңір-өңірді аралағанда, мен бұл мектептерге үнемі кіріп шығамын. Сонда алыста жатқан шалғай ауылдардың балалары келіп жатқаны, мүмкіндігі аз отбасыдан, кедей, жетім балалардың білім алып жатқаны қуантады. Мен кейде "бұл мектепке анау түседі, мынау түсе алмайды" деген әртүрлі әңгіме естіп жатамын. Бірақ оқушыға қойылатын бір ғана талап – ол білім, өзінің үздік екенін көрсете білу", — деді Назарбаев.