АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш тәулікте республиканың басым аумағында ауа температурасы күрт төмендейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазгидромет" РМК ақпаратынша, алдағы үш тәулікте Қазақстанның басым бөлігінде күн күрт cуытады. Бұл оңтүстік-батыс тропосфералық ағындарының солтүстік-батыс бағытқа ауысуымен байланысты болып отыр.
"Соның әсерінен Баренц теңізі аймағынан арктикалық ауа массалары ығысады", — делінген хабарламада.
Бірақ суық ауа массаларынан бұрын Қара теңіздегі циклон мен онымен байланысты атмосфералық ағымдардың әсерінен солтүстікте қар жауып, бұрқасындатады, қатты жел тұрады. Ал оңтүстікте тұман түсіп, көктайғақ болады.