АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. Қазақстандық келіншек өзі сүймеген адамға тұрмысқа шығып, өмірінде қандай қиындықтар көргенін айтып берді. Бір кездері қайын жұрты барлық жағдайын жасайтынын айтып, тұрмысқа шығуға күштеп көндірген екен. Бұл туралы "Алматы" арнасы хабарлайды.
Осы уақыт ішінде жұбайы рұқсатсыз далаға шығуға және оқу орнында білім алуға тыйым салған. Мұндай қиындыққа шыдамаған соң әйел арада үш баласының бар екеніне қарамастан заң жүзінде ажырасады. Айтуынша, сот балаларды қатал әкенің қамқорлығында қалдыруды жөн көрген.
"Мен олардың психологиялық денсаулықтары үшін алаңдаймын. Өйткені балаларым біздің айқайымыздың барлығын естіп өсті. У-шудан қорқып, бұрышқа тығылып қалатын. Мен шаршадым. Басқалар секілді білім алып, басқалармен қатар өмір сүргім келді", — деп күрсінді Ардақ Әбдіғалиева.
Тағы оқыңыз: Мемлекеттік қызметші 19 әйелді өлтіріп, мәйітін қорлаған
"НеМолчи" қозғалысының жетекшісі Дина Смаилованың мәліметінше, биыл Қазақстанда тоғыз айда 914 нәзік жанды зорланған. Ал соңғы үш жылда зорлау фактісі бойынша 5 мыңнан артық қылмыстық іс қозғалған. Осы зорлық-зомбылықпен байланысты жағдайға шыдамай биыл 91 ер бала, 43 қыз бала өзіне қол салған.
"Біздің елге қарағанда сексуалдық зорлық-зомбылық заңы Тәжікстан мен Өзбекстанда өте қатаң. Бұл елдерде қылмыскер кісі зорлағаны үшін 3 жылдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Зорлау ауыр қылмыс түрі болып саналады. Ал Қазақстанда орташа деңгейдегі ауыр қылмыс деп қаралып, қылмыскер 3-5 жылға ғана сотталады", — деді қозғалыс жетекшісі Дина Смаилова.