Қоғам

Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды

Судья жаза мерзімінің жартысын өтеген Мұхтар Жәкішевті неге шартты босатпағанын түсіндірген жоқ. Сот отырысы видео байланыс арқылы өткен
Sputnik

АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. Семей қаласының №2 соты "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты босату туралы өтінішхатын қанағаттандырмады.

Қазақстанда сотталған дөкейлер жазасын қайда өтеп жатыр?

Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев телефон арқылы Sputnik Қазақстан тілшісіне хабарлағандай, судья мерзімінен бұрын шартты босатудан неге бас тартқанын түсіндірмеген. "Ол шешімнің қорытынды бөлімін ғана оқыды. Кеңес бөлмесінде көп бөгелген жоқ", — деп мәлімет берді Бейсекеев.

Атап өтсек, Мұхтар Жәкішев сотқа қатыспаған, отырыс видео байланыс арқылы жүргізіліпті.

Адвокат Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы туралы айтты. Ол қан қысымының жоғары болуынан күніне 56 таблетка дәрі ішуге мәжбүр екен. "Қан қысымын 150-170 деңгейінде ұстап тұруға көмектеседі. Бірақ бұл дәрі-дәрмек ішкі органдарына, әсіресе, бүйрегіне кері әсерін тигізеді. Бірақ ішпесе тағы болмайды, себебі жоғары қан қысымы инсультке әкеп соғуы мүмкін", — дейді адвокат.

2010 жылы наурызда Жәкішев мемлекеттік бюджетті ысырап етіп, пара алғаны үшін айыпты деп танылған. Ол 14 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң тәртіпті колонияда жазасын өтеп жатыр.