Өңірлер

Маңғыстау тұрғыны пәтерін бүргеден тазалаймын деп көршілерін өлтіріп алды

Сараптама нәтижесінде марқұмдардың уланып қайтыс болғаны анықталды
Sputnik

АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Маңғыстау облысында 29 жастағы Шынарай Сүйіндікова мен 2 жастағы Фируза уланып қайтыс болды.  

60 пәтерлік көпқабатты үйде тұратын екі отбасы бір күнде қара жамылды. Осындағы тұрғындардың бірі пәтеріндегі бүргеден құтылам деп жүргенде, көршілері ажал құшқан. Ғаламтордағы хабарландыру арқылы тапқан "Таракан-нет" деп аталатын компанияның қызметінен соң, алты адам бірдей ауруханаға түсіп, екеуі қайтыс болды, деп хабарлады КТК.

Шымкентте бір отбасы газдан уланып қайтыс болды

"Таңертең тұрғанда келінім қатты қысылып жатыр екен. Жедел жәрдем келіп укол салды. Келінімнің жағдайын көріп, есімнен танып құлап қалдым", — дейді Ақтау тұрғыны Дүйсенбай Сәрсенбай.

Сараптама нәтижесі марқұмдардың токсикологиялық уланудан қайтыс болғанын растапты. Мамандар дәрі ауамен реакцияға түскен кезде улы газ бөлінген болуы мүмкін дегенді айтады. Дезинфекция жұмыстарын жүргізуге тапсырыс берген қожайын болса, сол мезетте пәтерінен екі тәулікке кетіп қалыпты. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.     

"Улау жұмысын жүргізген компания өкілі ұсталып, қамауға алынды.Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, кінәлі адамдар жауапқа тартылады", — дейді Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің бастығы Рашид Қуандықов.

Бұл жағдайдан кейін 120 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, көпқабатты үй түгелдей қоршауға алынды. Улы зат әбден кетпейінше тұрғындардың өз пәтерлеріне кіруіне рұқсат жоқ. Ал, олар аудандық әкімдік ұсынған уақытша пәтерден бас тартып, тумаларына кеткен.