АЛМАТЫ, 23 ноя — Sputnik. Өңешіне ота жасатқан Ақтау тұрғыны өтсіз қалды. Қала тұрғыны жеке емхана қызметкерлерін айыптап отыр.
Айтуынша, ақ халаттылар бір отаның орнына екеуін жасаған. Науқас қос операцияға келісім бермегенін айтады. Ал, дәрігерлер болса жазбаша түрде келісім болғанын алға тартты, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Бұрын заңгер, құрылысшы болған Анна Бектемірова бүгін жұмыссыз, үшінші топтағы мүгедек күйге түскен. Ол жеке емхана дәрігерлерінің жауапсыздығынан осындай халге душар болғанын 10 айдан бері дәлелдей алмай жүргенін айтты. Әуелі әйелдің өңешінде жарық (грыжа) бар екені белгілі болады. Алайда, операция барысында оның өтін де алып тастаған көрінеді.
"Дәрігер сенің өтіңді алып тастадық деді. Мен қос операцияны бірден жасау қиын болады дегеніңіз қайда? Неге олай істедіңіз деп сұрадым. Ол біржолата жазылып кетесің. Қиын. Бірақ, айығып кетесің деді", — дейді Анна Бектемірова.
Отадан кейін оның оңалып кетуі оңайға соққан жоқ. Өтін алып тастаған соң түрлі ауруға шалдыққанын жеткізді. Емхана жағалап, хирург дәрігерге қайта жүгінгенімде емделудің орнына ғайбат сөз естіп қайттым дейді қала тұрғыны.
"Ол мені балағаттап, аузына келгенді айтты. Есіңнен ауысқансың деп айыптады. Менің науқас екенім рас, сізге емделуге келдім деп айттым. Соның салдарынан барлық жүйкеме зақым келгенін, асқазанға жасаған отаның өзін оңдырмағанын бетіне бастым", — дейді ол.
Ал, жекеменшік емхана өкілдері өздеріне шаң жуытпай отыр. Олардың айтуынша науқастың бірден екі операция жасатуға берген жазбаша келісімі бар.
"Науқасқа бір сәтте екі ота жасауды ұсындық. Өңештегі жарықпен қоса өт қабын алып тастайтынымызды айттық. Ол келісім берді. Ота ойдағыдай өтті. Халі қанағаттанарлық болғанда емханадан жіберілді. Емхана тарабынан бар жағдай жасалды", — дейді жекеменшік емхананың бөлім басшысы Сәкен Мырзақұлов.
Анна Бектемірова арыз-шағымын облыстық денсаулық сақтау басқармасына да жеткізген. Ондағы мамандар ешқандай құқық бұзушылық болмаған деседі. Амалы таусылған Ақтау тұрғыны енді сотқа талап-арыз түсіріп,15 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді көздеп отыр. Жекеменшік емхана тарабы да екі баланың анасын сотқа бермекші.