АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Түркияда РФ-ның Анкарадағы елшісі Андрей Карловты өлтіру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Anadolu түрік ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Дипломатқа жасалған қастандықты тергеумен айналысқан прокурор Адем Акынджи әзірлеген айыптау қорытындысы Анкараның республикалық прокуратурасына жіберілген. Елдің бас қадағалау органы құжатты бекітуі тиіс.
Бекіткен жағдайда, іс әрі қарай сотқа жіберіледі.
Ресейдің Анкарадағы елшісі Андрей Карлов 2016 жылы 19 желтоқсанда "Ресей түріктердің көзімен" көрмесінің ашылуында қастандық жасалып қаза тапқан еді. Елшіге оқ атылған сәт видеоға түсіп, әлемдік БАҚ көздерінде тарап кеткен. Түрік билік өкілдерінің мәліметінше, шабуылды жасаған полиция қызметкері Мевлют Алтынташ, қауіпсіздік қызметі оқиға орнында оның көзін жойды. Карловқа Ресейдің батыры атағы берілді.
Ресей елшісіне жасалған қастандық аясында бірнеше адам қамауға алынған, олардың арасында Guru медиа-тобының басшысы Хайреддин Айдынбаш және РФ елшісі қаза тапқан көрменің ұйымдастырушысы – Мустафа Тимур Озкан бар.