Қоғам

"Конфет үшін 350 мың теңге" Мемлекеттік қызметкерлерге "рақмет" айтудың жазасы қандай?

Жыл басынан бері Астанада мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық жасаған 6 адам жазаланған
Sputnik

АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық жасағандар мен сыйды алған адамдар миллиондап айыппұл төлейді. Бұл туралы "Qazaqstan" телеарнасы хабарлады. 

Мемлекеттік қызметкерлер 8 наурызбен құттықтаған кәсіпкер әйелді сотқа берді
Астанада жыл басынан бері ұялы телефонға болмашы бірлік салып берген немесе шаруаны тездету үшін ақша қыстырған 6 адам жазаға тартылды. Оның төртеуі сот шешімімен 336 700 теңгеден айыппұл төледі. Қалған екі дерекке қатысты сот шешімі енді шығады. Олар қызметкерлерге 500, 2000, 3000 теңге көлемінде "рақмет" айтқан. 

Мәселен, астаналық кәсіпкер салық есебін тапсыруға көмектескен Кірістер комитетінің қызметкеріне 500 теңге берген. Бұл әрекеті үшін сотталған ол ақырында 700 есе көп айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Тағы бір астаналық көлік салығын төлеуді тездеткені үшін қызмектерге бір қорап конфет қалдырып кеткен. 

"Мерси" конфетін берген оған да күні кеше соттың шешімі шықты. Бір қорап конфет үшін 337 мың айыппұл төлеп жатыр", — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана бойынша департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева.

Сыйлықты алған мемлекеттік қызметкерге де жаза қатал. Құны 4810 теңгеге дейінгі сыйлық алғаны үшін бұл екі айлық есептік көрсеткіш, 1 миллион 443 мың теңге айыппұл төлейді. Алайда, әзірге мұндай қадамға барған бір де бір мемлекеттік қызметкер ұсталмапты. Құны 5 мың теңгеге жуық сыйлыққа қызыққандар қылмыстық жазаға тартылады, өйткені, ол пара болып есептеледі. 

"Алдымыздағы айда мерекелер көп. Бұрын мемлекеттік органдарға сыйлықтарымен келіп жататын. Оны енді ескертеміз. Ол заңсыз. Міндетті түрде жазаланасыз", — деді Жылқышиева. 

Ал, ресми жиындар мен делегациялардың сапарынан түсетін сыйлықтар мен кәдесыйлар арнайы мемлекеттік қорға тапсырылуы керек. 

Мемлекеттік қызметшінің телефонына ақша салған әйел 1000 доллар айыппұл төлейді
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты қоймада тәркіленген ойын автоматтары мен алкоголь өнімдері, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің тапсырған сыйлықтары қойылған. Бұл жерде бал, тіпті келілеп конфет, көрнекілік өнімдері, қымбат алкоголь өнімдері сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге берілген галстуктер де бар. Заң бойынша әрбір сыйлық алған мемлекеттік қызметкер жеті күн ішінде алған сыйлығын осы жерге алып келіп, тапсыруға міндетті. 

"Ең қымбаты ұялы телефондар. 2015 жылы Мамытбеков мырза тапсырды. Одан кейін сыйлықтар бірден көбейіп кетті. Жыл сайын сыйлықтар азайып жатыр", — дейді мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бөлім басшысы Ернұр Қаирбек.

Қоймада қазір құны 3 миллион теңге болатын 1400-ден астам сыйлық бар. 10 пайызы сатылып, қазынаға 500 мың теңге түсіп те үлгерді. Ресми түскен сыйлықтарды сату әдісі оңай. Мемлекеттік реестр сайты арқылы аукционға шығарылады. 

Мемлекеттік қорға кәдесый тапсыруда Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарының мемлекеттік органдары белсенді екен. Мәселен, Ақтөбе облысынан бұл қорға биыл тек екі қаламсап тапсырылған.