АСТАНА, 30 қазан — Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкеріне алғысын білдіргісі келген әйелге 336 700 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Астана бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің әкімшілік хаттамасына сүйенсек, 3 қыркүйекте Астана тұрғыны карантинге жатқызылған өнімді міндетті фитосанитарлық тексеру жүргізбей Қазақстан шекарасынан тысқары шығару үшін фитосанитарлық сертификат ресімдеу мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті аймақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторына өтініш білдірген. Ол видео байланыс арқылы алыстан тексеріп беруді өтініп, мемлекеттік инспектордың ұялы телефонына 3 мың теңге салып жіберіпті.
"Ұсыныс мемлекеттік инспектордың ұялы телефонына WhatsАpp арқылы жіберілген. Бұл жайтты мемлекеттік инспектор өзінің тікелей басшысына бірден хабарлап, 3 мың теңгені арнайы мемлекеттік қорға аударды", — деп атап өтті агенттік.
Айыппұлды қалай онлайн төлеуге болады?
Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істі қарап шыққаннан кейін азаматшаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 200 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Сот отырысында әйел адам кінәсін мойындап, шын жүректен өкінді. Сот әйелдің материалдық жағдайы мен бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын ескеріп, соманы 30%-ға қысқартты.