Қоғам

Астанада ВИЧ жұқтырған әйелдер дүниеге дені сау сәби әкелді

Әйелдер жүктілік кезінде екі рет ВИЧ-ке тексерілуі керек, сонда аурудың балаға берілмеуіне мүмкіндік туады
Sputnik

АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Астанада 10-нан астам ВИЧ жұқтырған әйел өмірге дені сау сәби әкелді, деп хабарлайды елордалық әкімдік.

ВИЧ инфекциясын жұқтырған ер адам медбикенің бетіне түкіріп жіберді

Жас аналар "Өз статусыңды біл" деген ұранмен Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес кампаниясына қатысып жатыр.

"16 жасымда ВИЧ жұқтырғанмын. Қазірде бақыттымын, ВИЧ-статусымды уақытында білгенімнің арқасында толыққанды өмір сүріп жатырмын. Дені сау екі балам бар, алған емнің арқасында оларға вирус жұққан жоқ", – дейді СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында емделетін науқас.

Орталық мамандары атап өткендей, өзінің ВИЧ-статусы туралы білген әйел жүктілік, босану және емізу кезінде сәбиіне вирустың жұғып кетуінің алдын алады.

"Жүкті әйелдер екі рет ВИЧ-ке тексеріледі. Қазір оннан астам ВИЧ жұқтырған әйел уақытылы емделіп, режим мен диетаны сақтаудың арқасында үш-үштен дені сау баланы өмірге әкелді", – деп мәлімет берді СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов.

Республикалық орталық мәліметі бойынша, Қазақстандағы облыстық және қалалық СПИД орталықтарында 29,9 мың адам тіркелген.