КӨКШЕТАУ, 13 қараша – Sputnik. Көкшетауда прокуратура жылу беруші ұйымның негізсіз пайда тауып келгенін анықтады, деп хабарлады облыстық қадағалау ведомствосының баспасөз қызметі.
Прокурорлық тексеру барысында "Көкшетау Жылу" кәсіпорыны 2015-2017 жылдары 1,3 миллиард теңге көлемінде негізсіз кіріс тапқан.
Осыған байланысты қадағалау ведомствосы ұсыныс енгізді. Бұдан былай прокуратура талабы бойынша монополист жылу үшін уақытша есесін қайыру тарифін енгізеді.
"1 желтоқсаннан бастап Көкшетау тұрғындары шаршы метр үшін 73,4 теңгеден төлейтін болады, бұл қазіргі тарифтен (130 теңге) екі еседей аз", — делінген мәліметте.
Бұдан бұрын қауіпсіздік кеңесі отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдегендей, ірі энергетикалық компаниялар тұтынушылардың есебінен заңсыз байып келген.
Сонымен бірге бүгін белгілі болғандай, Бақытжан Сағынтаев электр және жылумен қамту бойынша тарифтердің негізсіз өсуі мен антимонополистердің мардымсыз еңбегіне байланысты ұлттық экономика вице-министріне сөгіс жариялады.