АСТАНА, 12 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Психоаналитик Жұлдыз Төлеуова XXI ғасыр жастарының жаппай дәстүрлі және теріс дінге кіруінің себебін түсіндірді. Айтуынша, бұл бірінші кезекте тоқырау заманында дүниеге келген ұл-қыздардың мінсіз әкесін іздеуімен байланысты.
Психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фрейд өзінің "Бұл адамның аты Моисей" кітабында дін тақырыбын жан-жақты зерттеген. Дін тақырыбына тоқталған жалғыз Фрейд емес. Оның әріптестері, соның ішінде Эрик Фром да діннің адам баласына қалай әсер ететінін және оның пайда болу тарихын қарастырған. Қай психоаналитикті алып қарасақ та, ешқайсысы Құдайды жоққа шығармаған және дін адамға зиян деп кесіп айтпаған. Керісінше Фрейд діннің пайда болуын адамзат санасының оянғаны деп бағалайды.
Дін адамзат санасын жаңа деңгейге көтерді
"Зигмунд Фрейд еңбегінде ежелгі адамдардың дінді өздері ойлап тапқанын жазады. Діннің пайда болуын психоанализде екі аспектіде қарастыруға болады. Бағзы замандардағы адамдар жер сілкінісі, қатты дауыл, құйыннан қорқып, мұның барлығын Құдайдың қаһарына балаған. Мұнымен қатар, ежелде қан тазалығына, туыстыққа мән бермей, туған бауырлар бір-бірімен қосыла беретін болған. Тіпті, ер-азаматтар өздерінің туған шешелеріне үйленген. Сондай-ақ, аналары мен әпке-қарындастарын әкесінен қызғанған балалар бірігіп оны өлтірген. Кейін орнына билік құрған", — деп түсіндірді психоаналитик Жұлдыз Төлеуова.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда қажылыққа бару бағасы қанша?
Маманның айтуынша, көкірегі ояу, көзі қарақты деген адамдар — сол кездегі пайғамбарлар осындай жануарға тән инстинктерге тосқауыл қою үшін дін арқылы мораль шеңберіндегі тыйымдарды енгізген. Осының арқасында инцест азайып, көп ұзамай жақын туысқандар бір-бірімен жақындаспайтын болған. Әлбетте туған әкесін өлтіргендер артынша өкініп, оны алып жануарлармен алмастырып, соларға табынған. Яғни дін керісінше адамзат санасының жаңа деңгейге көтерілуіне жағдай жасады. Мұнымен қатар, дін сол кездері кеңінен етек жайған каннибализмге нүкте қойды.
"Құдай — мінсіз әкенің образы"
Ежелгі заманда перғауындар болсын, өзге де билік өкілдері болсын, әртүрлі Құдайға, пұтқа табынатын болған. Кейін Мұса пайғамбар алғаш монотеизмді алып келді.
Қазіргі жаппай дінге бет бұрып жатқан жастар 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында дүниеге келген. Осы кезеңде әке-шешелер балаларын әдейі қараусыз қалдырды, дұрыс тәрбие бермеді деп кінәлауға негіз жоқ. Себебі, олар бала-шағаларын материалдық тұрғыдан асырау үшін күні бойы жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мұндай дағдарысқа төтеп бере алмаған әкелер ішімдікке салынып жатты", — деді психоаналитик.
Тағы оқыңыз: Фатима қажы ұзақ жылдар бойы пайғамбардың сақалын қалай сақтап келгенін айтты
Бүгінде Қазақстан үшін үлкен проблема — жастардың дәстүрлі емес, теріс дінге бет бұруы. Өкінішке орай, олардың көп бөлігі теріс жолға түскендерін кеш түсініп жатыр. Осы орайда, маман теріс дінге кіру арқылы адамның бейсаналы түрде қатал әкені іздейтінін айтты.
Қазақ қыздары неге хиджаб пен паранжаға әуес?
Әрі қарай Жұлдыз Төлеуова қазақ қыздарының арасында арабтың ұлттық киімінің сәнге айналып кеткеніне тоқталды. Айтуынша, бұл нәзік жандылар өздерінің болмыстарын іздеп жүр. Екіншіден, паранжа киетіндер осы киім арқылы бейсаналы деңгейде жан жарасын сыртқа көрсетпеуге тырысуда.
Бұдан өзге психоаналитик дінді көп адам теріс мақсатта пайдаланып, халықтың санасын жаппай улауда, оларды өз ырқына көндіру үшін қалай қолданып жүргенін айтты.
Діндар адамдар жауапкершіліктен қашады
Әрі қарай психоаналитик маман діндар адамдардың "Құдайдың жазғаны", "бір Алланың басқа салғаны", "тағдырдың жазғанына көнеміз ғой" сынды сөздерді неліктен жиі қолданатынына тоқталды.
Тағы оқыңыз: Исламда ақ шаштың түсуі ненің белгісі?
"Егер адам бес жасқа дейін жарақат алатын болса, оның психикасы дамымай қалады. Осының салдарынан ол өзін бала сезініп, ересек болған шақта да жауапкершілік алудан қашады. Әке-шешесі бала күнінде қалай киіндіріп, тамақтандырса, өскен кезде де өзіне олардың дәл осылай қамқор болғанын қалайды. Ақырында жауапкершілікті өзі де, ата-анасы да алғысы келмегендіктен, оны Алла тағалаға артады", — деді ол.
Жастар үшін сыни көзқарастың орны маңызды
Сондай-ақ, психоаналитик психоанализ бен дінді қарама-қарсы қоймауға шақырды. Яғни аталған ғылым ешуақытта дін мен құдайды жоққа шығармайды. Міндетті түрде әр адамның жан дүниесінде рухани күш беретін жаратушыға деген сенім болады. Керісінше сол сенімді өзімен бірге алып жүруге, жүрегінде сақтауға тырысу қажет. Бастысы, жан-жарасын психоаналитикке, психологқа, психотерапевт маманға емдетудің орнына дінмен бүркенбеген жөн.
"Осы күнге дейін Қазақстаннан Сирияға кеткен жастардың әке-шешелерімен, жақын туыстарымен сөйлестім. Кез келген уақытта тегін көмек бере алатынымды айттым. Ол жастар қазір ұлттық қауіпсіздік комитетінің қадағалауында. Осы комитеттің өз психологтары емдейді. Әңгімелесіп отырып осы жастардың барлығы Қазақстандағы тоқырау кезеңінде дүниеге келгеніне назар аудардым. Дәл мұндай теріс жолға түсіп, бармақ тістеп қалмас үшін жастарымыздың сыни көзқарасы қалыптасқанын қалаймын. Ақпарат билік құрған заманда ішінен тек пайдалысын алу — оңай емес", — деп тілек білдірді Жұлдыз Төлеуова.