АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. 2018 жылдың қазанында Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 28 620 теңге болды.
Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелді. Ол 2018 жылдың қазанында 2017 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 11,8%-ға жоғарылады.
"Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі – 18,7%, сүт, тоң май өнімдері мен жұмыртқаны – 14,6%, жемістер мен көкөністерді – 12,7%, нан және жарма өнімдерін – 6,9%, қант, шай және дәмдеуіштерді 2,1%-ды құрады", — деп жазылған хабарламада.
Ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі тұтыну себеті құнының 45 пайыздық мөлшерінде белгіленген.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі – ең төменгі тұтыну себетiнiң құнына тең, бір адамға арналған ең төменгі ақшалай кiрiс.
Мәжіліс депутаты Әбілқасымовадан көмек алатындардың неге азайғанын сұрады
Ең төменгі тұтыну себетi адамның өмір сүруі үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардан тұрады.