АСТАНА, 4 қараша — Sputnik. Шет тілін үйренуді он жасқа дейін бастаған адамдардың сол тіл өкілдерінің деңгейіне жетуге мүмкіндігі бар, деп хабарлады Массачусетс технологиялық универститетінің нейро- және когнитивті ғылымдар орталығының мамандары, деп жазады РИА Новости Cognition журналына сілтеме жасап.
Ғалымдар әртүрлі жастағы (ең кіші қатысушының жасы онда, ал ең үлкені — 70-те, орташа жас — 20 мен 30 аралығында) 670 мың әртүрлі ұлт өкілдерінен жинақталған ақпаратты сараптау үшін компьютерлік модель ойлап тапты. Қатысушылар сауалнамада жасын, ағылшын тілін қашаннан бері үйреніп жүргенін жазып, грамматикалық тест орындаған.
Нәтижелер көрсеткендей, шет тілінің грамматикасын бала кезде немесе жасөспірім шақта жетік меңгеруге болады. Ал он сегіз жастан кейін тілді меңгеру қабілеті сақталғанмен, тіл өкілінің деңгейіне жету қиындай түспек.
Түркістандық оқушы бес тілде сөйлей біледі
Зерттеушілер атап өткендей, бұл заңдылыққа биологиялық, әлеуметтік-мәдени факторлар себеп болады.
"Былайша айтқанда, 17-18 жасқа толған соң адам ересек өмірге аяқ басып, күнкөріс қамымен жұмыс істей бастайды немесе оқуға түсіп, студент болуы мүмкін. Ал бұл оның тілді бұрынғы қарқынмен үйренуіне кедергі келтіреді", — дейді зерттеу авторларының бірі Джош Тененбаум.