Қоғам

Психолог адам жиі көретін түстердің мағынасын ашып берді

Психологтың айтуынша, түс көру адам денсаулығы мен психикасына оң әсерін тигізеді
Sputnik

АСТАНА, 1 қараша — Sputnik. Түстерді талдап, мағынасын ашумен айналысатын австралиялық психолог Мартина Коциан адамдар жиі көретін, үнемі қайталанатын және үрей туғызатын түстердің мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Dailymail.

Психоаналитик қандай адамдардың түс көрмейтінін айтты

Маманның айтуынша, адамдар төрт түрлі түсті өте жиі көреді: биіктіктен құлау, біреуден қашу, жыныстық қатынасқа түсу және тістің түсіп қалуы.

Коциан түсіндіргендей, адам түсінде тісінің түсіп қалғанын көрсе, уайымдап жүрген мәселесі шешіліп, болашақта үлкен өзгеріс күтіп тұр дегенді білдіреді.

Түсімізде кісі өлімін көру де өмірімізде айтарлықтай өзгеріс болатынынан хабар береді екен.

Ал біреуден қашып келе жатқаныңыз түсіңізге кірсе, шынайы өмірде бір мәселеден қашып жүрсіз деген сөз. Сонымен бірге, мұндай түс кінә сезімінің символы болып есептеледі.

Биіктен құлау адам өміріндегі тұрақсыздықты, бақылаудың жоқтығын көрсетеді.

Түске жиі кіретін жайттардың бірі — бір адаммен жыныстық қатынасқа түсу сол адамның ерекше қабілетін немесе дарынын өзіне алғысы келуді білдіреді.

Ғалымдар қорқынышты түсті "өшіріп тастаудың" жолын тапты

Ал егер түсіңізде бір жерге қамалып, шыға алмай қойсаңыз, өңіңізде дәл сондай күйде жүрсіз деген сөз, яғни адам өмірде тығырыққа тіреліп, қаржылық қиындықтан арыла алмай жүруі мүмкін немесе өзіне ұнамайтын жұмыс пен қарым-қатынас та сондай түс көруге мәжбүрлейді.

Адам түсінде қорқынышты құбыжықтарды, шайтандарды көріп, шошып оянатын болса, бұл өмірде эмоциясын сыртына шығармауынан немесе өз бойындағы кей қасиетіне көңілі толмауынан болуы мүмкін.

Ал кейбір түстер өмірдегі бір проблемамен тығыз байланысты екен, сондықтан сол мәселені түсініп немесе шешкенше түсімізге жиі еніп, қайталана беретін болады.

Коцианның айтуынша, түс көру адамның денсаулығы мен психикасы үшін өте маңызды, өйткені олар біздің сана-сезіміміз бен ішкі ойларымызға тікелей байланысты.

Түс іштегі эмоциямызды сыртқа шығаруға көмектесіп, күйзелістен арылтады және көңілкүйімізді реттейді, дейді ол.