АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Бостондағы теракт ісі бойынша алты жылға сотталған қазақстандық Диас Қадырбаев жазасын толығымен өтеп, Қазақстанға оралды. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Диас Қадырбаев осы жылдың 24 қазанында Алматы қаласына келді. Қазір Қазақстан аумағында. Ол өзінің жазасын өтеп болды", — деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Еске сала кетсек, 2013 жылдың 15 сәуірінде АҚШ-тың Бостон қаласында халықаралық марафон кезінде жарылыс болып, салдарынан үш адам көз жұмды. Тағы 260-тан астамы зардап шеккен еді. Теракті ұйымдастырғаны үшін ағайынды Царнаевтар айыпты деп танылды. Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде жараланып, қаза болса, Джохар Царнаев өлім жазасына кесілді.
Ал қазақстандық студенттер Азамат Тажаяқов пен Диас Қадырбаев тергеуге кедергі келтіргені үшін сотталды. Тажаяқов 3,5 жыл арқаласа, Қадырбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Азамат Тажаяқов жазасын өтеп, 2016 жылдың жазында Қазақстанға оралды.