Қоғам

Министр формаға қатысты: Полицейлердің шағымданып жүргеніне төрт жыл болды

Ішкі істер министрлігі полиция киімінің үлгісін өзгертумен бір жылдан бері айналысып жатыр
Sputnik

АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция формасының неге ауыстырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Қасымов министрлік полиция киімінің үлгісін өзгертумен бір жылдан бері айналысып жатқанын айтты. 

Қасымов полицейлерді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтты

"Интернетте тараған құрылыс ұйымдарының формасына ұқсаған суреттер бұл сіздердің проблемаларыңыз. Біз өз формамызды әзірге ешкімге көрсеткен жоқпыз, дайындалып жатыр", — деді ІІМ басшысы сенат кулуарында. 

Министрдің айтуынша, қазіргі форма кеңселік киім үлгісінде тігілген, сондықтан көп жағдайда тәртіп сақшыларына ыңғайсыздық тудырады. 

"Полицейлердің шағымданып жүргеніне төрт-бес жыл болды. Мәселен, белбеу таққан кезде, қаруды алып жүру ыңғайсыз. Біз полиция қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдадық, назарға алдық. Сонымен қатар, Канада, тағы басқа елдердің киім үлгісін зерттедік. Өйткені, сіздер білесіздер, еліміздің солтүстігі мен оңтүстігінде климат әртүрлі. Мұны да есепке алған жөн", — деді Қасымов. 

ІІМ басшысы полицияның жаңа формасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылатынын атап өтті. 

"Киім үлгісін 98 процент қазақстандық кәсіпорындар дайындайды. Ешқандай қосымша қаражат бөлінбейді, ақшаның барлығы министрліктің ортақ бюджетінен алынады", — деді ол.