Өңірлер

Екі жасар қыз шұжықтан уланып көз жұмды: өнімге сараптама жүргізілді

Бала өлімінен кейін ауруханада жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, шұжық өнімін жеткізушіге де тексеру тағайындалған
Sputnik

АСТАНА, 24 қазан — Sputnik. Ақмола облысы Бурабай ауданында медициналық мекемелерде тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен кезектен тыс тексеріс басталды, сонымен бірге шұжық өнімін жеткізуші де тексеруден өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ақмола облысы Бурабай ауданы Үрімқай ауылында екі жасар қыздың неден шетінегені анықталып жатыр. Ата-анасының айтуынша, сәби шұжық жеп уланып, көз жұмған.

"Бурабай ауданында аккредитациядан өткен тәуелсіз медициналық сарапшылардың қатысуымен медициналық көмек көрсету сапасы жоспардан тыс тексеріліп жатыр", — деп хабарлады Ақмола облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті.

Ата-анасы баланың өлімін Щучинск қаласында "Ақжелкен" супермаркетінен сатып алынған шұжықтан көреді. Бірақ өнімнің атауы мен өндірушіні атай алмапты. Бұл ақпарат бақылау камерасы арқылы анықталғанмен, дүкен сөресінен ол шұжық табылмаған.

Шымкент дәмханасында қонақтар кешкі астан уланып қалды

"Шұжық өнімін жеткізуші де тексеруден өтеді, өндірушінің мекенжайы бойынша осы ақпарат жіберілді",- делінген хабарламада.

Департамент сауда үйінде сатылған шұжық түрлерінің, уланған балалар тұратын үйдегі судың сынама нәтижелерін, сатушылардың талдамасын күтіп отыр. Қорытынды апта соңында жарияланады.

Естеріңізге сала кетсек, 20 қазанда Бурабай ауданаралық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде екі жасар қыз көз жұмған болатын. Сәбидің немере ағасы мен әпкесі жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр, жағдайлары қанағаттандырарлық.